Таңғы астың пайдасы мен маңызын білесіз бе?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Таңғы ас – тәңірден» дейді халық даналығы. Мамандардың айтуынша, күніміздің берекелі өтуі таңғы асқа тікелей байланысты. Ендеше, таңғы астың пайдасы мен маңызын зерделеп көрелік.
1 - себеп. Қуат алуға көмектеседі
Таңғы асты қоректік заттармен қамтамасыз ету арқылы күні бойы қуатты болып жүруге болады. Түнгі уақытта ағза жаңа энергия алмай, өсу мен қалпына келтіру процестеріне көптеген ресурстарын жұмсайды. Ал таңғы ас болмаса, ағза оянбайды және өмірлік белсенділікті сақтауға қажет энергетикалық ресурстарын жұмсауға мәжбүр болады. Уақыт өте келе, бұл жиналған қор да азаяды. Нәтижесінде, стресс, депрессия, өзін нашар сезіну сияқты кері әсерлер пайда болады.
Күніңіздің қаншалықты нәтижелі болатыны таңертеңгі тамақтың сапасы мен мөлшеріне байланысты.
Дәрігерлер пайдалы таңғы ас ағзадағы холестерин мен қант деңгейін бақылауға көмектеседі дейді. Себебі ағзаға қажетті дәрумендер мен пайдалы өнімдер жетіспегендіктен, түскі ас кезінде адамдар көп мөлшерде тамақтанады. Осыған байланысты артық салмақ, асқазан-ішек жолдары проблемалары пайда болады. Сондықтан таңғы асты толық қабылдап, жібермеген дұрыс.
2 - себеп. Зат алмасу процесі жүреді
Таңғы ас ағзадағы метаболикалық процестерді тездетеді. Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің «Қант диабеті, эндокринология және метаболизм» орталығының профессоры Фредрик Карпе: «Таңғы тамақтану — түнгі ұйқыдан кейін метаболизмді оятатын кілт. Денедегі ас қорту жүйесі үшін көмірсуларға бай таңғы ас қажет», - дейді.
Жалпы, зерттеушілер 50-ден астам ғылыми еңбектерді талдай отырып, таңғы ас қандай тағамдардан құралуы керек екенін нақтыламаған. Мысалы, Достастық елдерінің ғылыми және өнеркәсіптік зерттеулерінің австралиялық ұйымының (CSIRO) мүшелері ақуызы жоғары тағамдарға артықшылық беруге кеңес береді.
Сарапшылар таңғы асты адамның талғамы мен қалауына қарай тұтынған жөн деп есептейді. Алайда, майлы және ауыр тағамдарды таңғы ас мәзіріне қоспаған дұрыс.
3 - себеп. Артық салмақ жиналады
Зерттеушілер таңғы ас дене салмағын бақылауға ғана емес, сонымен қатар диетаны теңгерімді етуге мүмкіндік береді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, толық таңғы астың арқасында күні бойы артық тамақ ішілмейді.
Таңғы ас ішілмесе, тамақ ағзаға метаболизм минималды белсенділікте болған кезде енеді. Осыған байланысты қоректік заттардың бір бөлігі майға айналуы мүмкін.
4 - себеп. Жүрек жұмысын қалпына келтіреді
Толыққанды таңғы ас метаболизм процестеріне ғана емес, "биологиялық сағаттардың" да дұрыс жұмыс істеуіне пайдалы. Таңертең тамақтануға дағдыланғандардың жүрегі ауырмайды. Мұны американдық және Қытай ғалымдарының жүргізген зерттеуі растайды. Олар АҚШ-да жыл сайын жүргізілетін ұлттық денсаулық сақтау және тамақтану сауалнамасының деректерін талдады. 18,8 жыл ішінде ғалымдар 40-75 жас аралығындағы 6,5 мың американдық ересек адамның таңғы ас ішу жиілігін қадағалады. Нәтижесінде, таңғы ас ішпейтіндерде жүрек-қантамыр аурулары мен инсульттан мезгілсіз қайтыс болу қаупі 87%-ға жоғары екенін анықтады.
5 - себеп. Есте сақтау қабілетін жақсартады
Огайо штатындағы Кент мемлекеттік университетінің ғалымдары тұрақты таңғы ас есте сақтау қабілеті мен зейінді жақсарта алатындығын дәлелдеді. Сонымен қатар, Кардифф университетінің зерттеушілерінің айтуынша, дәнді дақылдар, нан және таңғы асқа арналған сүт өнімдері мектеп оқушыларының зейінін ашады және мүмкіндігін екі есе арттырады.
Көп адам таңғы ас ішпеуді тәбеттің болмауымен байланыстырады. Бұл мәселе төңірегінде де мамандардың берген арнайы кеңесі бар.
Таңғы ас ішуді қалай әдетке айналдыруға болады?
- Алдымен ұйқының тұрақты режимін қалыптастыру керек. Ұйқысыздық кез-келген теңдестірілген тамақтанудың барлық пайдасын жоққа шығаруы мүмкін.
- Таңертең барлық істерге үлгеріп, күнді асықпай бастау үшін оқудан немесе жұмыстан кем дегенде бір жарым сағат бұрын тұруды үйреніңіз.
- Бір стақан су, контрастты душ және жеңіл жаттығулар ағзаны оятып, тәбетті ашады.
- Таңғы асты кешкі уақытта дайындап қойсаңыз, уақыт үнемдеуге болады.
- Таңертеңгілік тәбет болмаса, кешкі ас уақытын шегеріп, аз мөлшерде тұтыну керек.
- Пайдалы деп саналатын өнімдердің ішінен ең дәмді болып көрінетіндерін таңдап, өзіңізді ұнамайтын нәрсені жеуге мәжбүрлемеңіз. Осылайша, таңғы ас ішу сізге психикалық қиындық тудырмайды және ағза үшін пайдалы қажеттілікке айналады.
Аружан Алпысбай