Таңбалыдағы таңғажайыптар

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тасқа қашалып салынған петроглифтердің қазіргі күйі қандай және олар қалай қорғалып жатыр? Жойылып бара жатқан таңбаларға реставрация жұмыстарын кімдер жүргізеді? Ғылыми қызметкерлер бұл уақытқа дейін қанша таңбаны зерттеп, құжаттандырды? Тастағы құпияға толы бейнелерде не айтылған? Аспан асты музейіне туристерді тарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Осы және басқа да сұрақтар бойынша «Таңбалы» мемлекеттік тарихи- мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Мадияр Әмірғалиев айтып берді.

   

18 мамыр халықаралық Музей күніне орай Алматы облысындағы «Таңбалы» мемлекеттік табиғи қорық-музейінде суретшілер мен тарихшы ғалымдардың қатысуымен «Ұлы дала галереясы» атты конференция ұйымдастырылып, соңы «Таңбалы түні» мәдени іс-шарасымен жалғасты.  

«Таңбалы» табиғи қорық-музейі Қазақстанның оңтүстік-шығысында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарабастау ауылының солтүстік-батысына қарай 4 шақырым жерде, Алматы қаласынан 170 шақырым жерде орналасқан. 

 

Көне дәуір шежіресі 

Музей директоры Мадияр Әмірғалиев аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отырғанын айтады. Басты мақсат – көне бейнелерді қазіргі суретшілердің көмегімен жас ұрпаққа танытып, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау.

 

Мұндағы таңбалар осыдан 3-5 мың жыл бұрын тасқа қашап салынған. Халықаралық музей күніне орай Алматы облысының суретшілерін музейге жинап, көне дәуір мен қазіргі бейнелеу өнері арасындағы сабақтастық нығая түссе екен деген оймен үлкен конференция өткізіп отырмыз. Бұрынғы петроглифтер тасқа таңбаланып салынса, қазіргі суретшілер сол таңбаларды қылқалам арқылы қағазға түсіріп, рухани құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа насихаттамақ. Жартастағы суреттер жайдан жай салынбаған, ата-бабамыз күнделікті тіршілігін бізге сурет арқылы қалдырып кеткен, - дейді ол.
 

Сонымен қатар ол табиғи фактордың әсерінен жойылып бара жатқан петроглифтер уақытымен қайта қалпына келтіріліп отыратынын айтты. 

«Таңбалы» қорық музейі бүгінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, сондықтан осы ұйымның қорғауында. Бұл бірден бір көне дәуір шежіресі болып саналады. Музейдің мақсаты - көне дәуірден бері сақталып келген жәдігерлерін болашақ ұрпаққа сақтап, жеткізу. Соның аясында ғылыми қызметкерлер тастағы таңбаларға жылда маниторинг өткізіп отырады. Қыс, жаз мезгілінде петроглифтердің қалыпты жағдайын сақтауға мән беріледі. Оған қоса «Остров Крым» ғылыми-реставрация зертханасы, Қазреставрация мекемелерімен тастарды осы күйінде сақтап қалуға байланысты зертханалық жұмыстар жүргізіледі. Былтыр 3 195 таңба құжаттандырылды, бұл дегеніміз осы таңбалардың бұдан 5 жыл, 10 жыл бұрынғы кезінен бері қандайда бір өзгеріске ұшырағанын анықтау. Мұндай мониторингтік жұмыстар жылына екі рет жүргізіледі. Тексеріс барысында таңбалардың қандайда бір өзгеріске ұшырағаны анықталса, ол қалпына келтіріледі, - дейді музей директоры.

 

Ол сондай-ақ аспан астындағы жәдігерлердің қорғалуы жайлы да айтып берді. Петроглифтер орналасқан аумақ музей инспекторларымен қорғалады екен, оған қоса күзет мекемесімен де келісімшартқа отырған. Бүгінгі таңда он инспектор атпен және жаяу таңбалар бедерленген аумақты күзетеді. Ол жерге көлікпен кіруге, қоқыс тастауға болмайды және от жанбау керек. Осы бағытта тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады екен.

Қазір музей басына келіп ғылыммен айналысуға, суретшілердің таңбаларды қағазға түсіруіне бар жағдай жасалған. Музей жанында демалыс орталығы бар, туристер сонда түнеп, аспан асты музейін асықпай аралай алады. Мадияр Әмірғалиев музейге туристерді тарту бойынша келелі істер қолға алынып жатқанын жеткізді.

 

Орталық Азия бойынша тастағы петроглифтердің ең көп шоғырланға жері осы жер, мұнда 5 мыңдай таңба бар. Музейді дамыту бойынша алға қойған жоспарларымыз көп. Осы жылдың күзінде әлемдік петроглифтер конференциясын өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар музей қабырғасында отандық суретшілердің дәстүрлі фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар турист тартуда маңызы зор. Өйткені көпшілікке тасты көтеріп апарып, көрсете алмаймыз, ал суретшілердің салған суретін кез келген жерде көрсетіп, таңбалармен таныстыруға болады. Пандемия аяқталып, шекара ашылса, сырттан көптеген турист келеді деген ойдамыз, - дейді ол.

 

Оның айтуынша, петроглифке шетелдік туристердің қызығушылығы жоғары. Пандемияға байланысты қазір олардың келу жағы саябырсыған, дегенмен шекара ашылған соң қайта көбейеді деген үмітте. Оған қоса жергілікті халық та бұл аумаққа көптеп келе бастаған. Жалпы туристер үшін бұл жерде велотұрақ, атқа мініп серуендеу ұйымдастырылған. Киіз үй тігіліп, саумал, қымыз ішу де ұсынылып отыр. Оның барлығын осы Қарабастау ауылының тұрғындары ұйымдастырады екен. 

 Таңбалар әлі де зерттеуді қажет етеді 

 

Музей директорының ғылыми-зерттеу ісі жөніндегі орынбасары Ринат Шарипов 1957 жылы алғаш рет археология институтының жетекшілігімен Таңбалы кешені петроглифтеріне және археологиялық ескерткіштеріне зерттеу жүргізілгенін айтады. Ол кезде Жетісудағы қола дәуір қабірлерін, яғни адамның жерлеу қорымдарын зерттеген. Сол топтың суретшісі Попов жартастағы бейнелерді қағазға түсірген. 1991-193 жылдары адамдар жерленген қорымдарға қазба жұмыстары жүргізілген. 

Зерттеу кезінде Қарақұдық қабірі табылады. Онда қайтыс болған адамды қол-аяғын бүгіп, сол жақ қырымен, басын батысқа қаратып жерлеген. Ол кезде адам ана құрсағында қалай жатса – жер ана құрсағында да солай жатады деген ұғым болған. Бұл көне кездегі адамдарды жерлеудің бір тәсілі. Сол заманғы суретшілер көрген, білгенін жартасқа салып отырған. Аң аулау сәттері, күн басты бейне, тіпті, үстіне аң терісін жамылған адамдарды да бейнелеген. Тастағы таңбалар әлі де зерттеуді қажет етеді, - дейді ол.

 

Оның айтуынша, бұл суреттердің барлығы кездейсоқ салынбаған, әр сурет бізге тарихи дерек беріп, сөйлеу керек. 

Ол кездегі адамдар көкке, күнге және отқа табынған. Тастағы суреттің бірінде күн басты адам бұқаның үстінде тұр. Ол – күн, ортада адам, жерде бұқа деген мағынаны береді. Тағы бір құнды сурет ол ішінде бұзауы бар сиыр, ондай таңба басқа жерде кездеспейді. Бұл суретте өмірдің жалғастығын көрсеткен, яғни адамдар да, жан-жануар да ұрпақ әкелетінін айтқан. Суреттердің басым көпшілігі батысқа қаратып салынған. Себебі бұл өтпелі кезеңді меңзеп отыр. Бүгінгі күн өтеді, ертең басқа күн туады деген ұғым. Сондай-ақ ол кездегі суретші жартас бетін үнемдей білген, кез келген жерге сурет сала бермеген. Тастың әр шақпағына қажетті ақпаратты ғана беріп отырған, - дейді маман.

 

Сонымен қатар ол жартастағы суреттер қола дәуірінде салынғанын және сол кездегі тіршіліктен хабар беретінін айтады. 

Қола дәуірінде адамдар жан-жануарды қолға үйреткен әрі ең алғаш металдың пайда болған кезі. Сол кезде егіншілік те дами бастаған, оған Қарақұдық, Таңбалы қабірінде табылған қыш ыдыстағы дәнді-дақылдар дәлел. Ол кезде арпа, бидай болған жоқ, бастапқыда тек тары болған, - дейді Ринат Шарипов.
 
 «Таңбалы» түні

Конференциядан кейін музейге келушілер арасында түрлі ойындар ұйымдастырылды. Ойындар негізінен табиғатқа шығатын туристер ескеруге қажетті дүниелерге арналған. Екі топқа бөлінген ойыншылар туристік шатырды дұрыс тігуді, орманды және жазық далада отты қандай тәсілмен жағу керектігін үйреніп шықты.


Ал кеш батқанда ойын таңбалар бейнеленген жартас аумағында жалғасты. Жамбыл аудандық Сүйімбай театры әртістерінің театрландырылған қойылымдары ойын барысын одан әрі қызықты ете түсті. Ойынға қатысушыларға әртістер сахналаған бейнелерді жартастан іздеп табу шарты қойылды.



Кеш соңы алау оттың жанында қорытындыланды. Жеңімпаздар марапатталып, жастар өлең оқып, ән айтты. Көпшілік үшін бұл есте қалар танымдық кеш болды. 

 

 

Музей жайлы 

Аталған музей ҚР Мәдениет және спорт Министрлігіне қарасты республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын. 

Құрылған уақыты: 1957 жылы тарихшы, археолог Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен ҚазКСР Ғылым Академиясы Оңтүстік Қазақстан экспедициясының Жетісу отряды Таңбалы кешенінің петроглифтеріне және археологиялық ескерткіштеріне алғаш рет зерттеу жұмыстарын жүргізген. Таңбалыдағы жартас суреттері және археологиялық қазба жұмыстарын кейінірек А.Г. Медоев, А.Н. Марьяшев, Б.Ж. Аубекеров, А.С. Ермолаева, А.Е. Рогожинский, Ю.А. Мотов, А.А. Горячев, С.А. Потапов, сонымен қатар басқа да отандық және шетелдік зерттеушілер жалғастырған.

 

1990-1993 жылдары Таңбалыда және Қазақстанда алғаш рет жартас суреттеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қарасты, мемлекеттік ғылыми – зерттеу және жобалау институтының мамандарымен ЮНЕСКО- «Норвегия-Қазақстан» жобасы барысында консервация бойынша тәжірибе жұмыстары жасалды.

1999 жылы Таңбалы археологиялық кешені Қазақстан тарапынан алдын ала ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар тізіміне енгізілді.

2001 жылдан бастап Таңбалы кешені Мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне кірген, Республикалық мағыналы және мемлекет тарапынан қорғалатын кешен.         

2003 жылы Таңбалы археологиялық кешенін Қазақстан Республикасы тарапынан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізуге ұсынылды.

2003 жылдың қазан айының 14-жұлдызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1052 Қаулысымен Алматы облысы, Жамбыл ауданында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы» құрылды.

 

2004 жылдың 30 маусымында ЮНЕСКО-ның Қытай Халық Республикасында өткен отырысында «Таңбалы» археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілді.

Критерийі: «Жоғалып бара жатқан дала өркениетінің ерекше куәгері, қоршаған ортаға жоғарғы деңгейде бейімделуі, табиғатпен үндесуі және табиғи ландшафты маңызды сипатқа ие болып табылады» 

2005 жылы 19 қыркүйекте ЮНЕСКО штаб пәтерінде (Франция, Париж қаласы) ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне «Таңбалы археологиялық ландшафтының жартас суреттері» қазақстандық номинациясын енгізу туралы сертификатты тапсыру рәсімі өтті.

 

Орналасқан жері: Қазақстанның оңтүстік-шығысында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарабастау ауылының солтүстік-батысына қарай 4 шақырым жерде, Алматы қаласынан 170 шақырым, солтүстік-батыста Шу-Іле тауының оңтүстік-шығыс бөлігінде. 

Жер көлемі: Ескерткіштер орналасқан аймақ 900 га, қосымша 2900 га, буферлік зонаны қосқанда жалпы аумағы 3800 га құрайды. 

Ескерткіштер саны: Аймақта 5000-ға жуық IX-XIV - Қола дәуірі, V-VIII - Ежелгі темір дәуірі, VI-XVI -Орта ғасыр және XVII-XIX - Жаңа кезең петроглифтері, жүзге тарта әр түрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII-ХIV ғасырдың ортасынан бастап ХІХ–ХХ ғасырларға дейінгі кең аралықтағы кезеңдермен мерзімделетін қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан (құрбан шалатын жерлер) құрылған.

 

Ерекшелігі:«Ашық аспан» астындағы ландшафттық мұражай экспозициясы ерекше, әсіресе оның табиғи ортадағы экспозициясы әдеттегі мұражай экспозициясынан өзгеше сипатқа ие. 

2019-2020 жылдары «Таңбалы» қорық-музейінің сапар орталығы бой көтерді.

Заманауи үлгіде жабдықталған ғимарат экспозициялық зал, конференция залы, кітапхана, зертхана, кеңсе бөлмелері, туристер үшін асхана және қонақүймен қамтылған. Ғимараттың сыртқы ауласында этноауыл алаңы орналасқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы