Таңбалау мәселесі шешілмесе, қазақстандық тауарлардың Ресейге экспорты тоқтауы мүмкін
Маркетплейс серіктестерінің басым бөлігі өз өнімдерін Ресей нарығына шығаруға мүдделі. Сондықтан Ресей заңнамасындағы талаптарды, оның ішінде міндетті таңбалау ережелерін сақтау аса маңызды.
Балалар ойыншықтарын таңбалау жүйесі қазақстандық кәсіпкерлер үшін ғана емес, экспорт көлемі үшін де маңызды мәселе болып отыр. Бұл туралы Wildberries компаниясының Қазақстан және Қырғызстандағы коммерцияны дамыту бөлімінің басшысы Евгения Савенкова-Петрикенко мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, маркетплейс серіктестерінің басым бөлігі өз өнімдерін Ресей нарығына шығаруға мүдделі. Сондықтан Ресей заңнамасындағы талаптарды, оның ішінде міндетті таңбалау ережелерін сақтау аса маңызды.
Біз үшін балалар ойыншықтарын таңбалау жүйесі өте маңызды әрі қажет. Серіктестеріміздің көпшілігі өнімдерін Ресейге экспорттауға қызығушылық танытады. Сондықтан Ресей Федерациясының заңнамасын сақтау, оның ішінде таңбалау талаптарын орындау – негізгі міндеттердің бірі, – деді ол.
Савенкова-Петрикенконың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда сатылатын тауар санаттарының көлемі Ресейге экспорттауға болатын санаттардан әлдеқайда көп. Бұған таңбалау кодтарын алу мүмкіндігінің шектеулі болуы себеп.
Бұған дейін талқыланған модельдердің ешқайсысы бұл жағдайда толыққанды жұмыс істемейді. Біз маркетплейс ретінде бизнестің таңбалаудан қорқып отырғанын байқамаймыз. Керісінше, кәсіпкерлер таңбалауды енгізуге мүдделі. Өйткені Ресейге бағытталған үлкен экспорт ағыны бар, – деді компания өкілі.
Оның айтуынша, платформалық экономикаға қатысты жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты биылғы қазан айынан бастап бірқатар тауарлардың Ресейге жеткізілуі тоқтауы мүмкін.
Егер мәселе шешілмесе, Қазақстаннан Ресей нарығына шығатын 30-дан астам тауар тобы экспортталмай қалады. Бұл – миллиардтаған айналым, мыңдаған кәсіпкердің табысы және көптеген бизнес үшін маңызды нарық. Мұндай жағдайда көптеген кәсіп иелері тығырыққа тірелуі мүмкін, – деді Евгения Савенкова-Петрикенко.
Сонымен қатар ол Wildberries биыл жергілікті сауданы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты.
Біз Қазақстандағы жергілікті нарықтың дамуына мүдделіміз. Электронды коммерция нарығы жыл сайын қарқынды өсіп келеді және оның әлеуеті әлі де жоғары. Дегенмен бұл жерде тепе-теңдікті сақтау маңызды. Біздің серіктестер Ресей нарығында да сауда жасауға қызығушылық танытады. Сондықтан оларды тек ішкі нарықпен шектеу мүмкін емес, – деді компания өкілі.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы қалыптасқан сауда ағыны көптеген кәсіпкер үшін негізгі табыс көздерінің бірі болып қала береді. Сондықтан таңбалау мәселесін шешу экспорттық бағыттың сақталуы үшін аса маңызды.
Айта кетейік, Қазақстандағы балалар тауарлары нарығы негізінен импортқа тәуелді. Қазақстанның балалар тауарлары индустриясы қауымдастығының президенті, ALEXPO көрме платформасының директоры Дарья Гайденрайхтың мәліметінше, импорттың басым бөлігі Қытайдан жеткізіледі. Оның үлесі – 55 пайыз. Ал Ресейден келетін өнімдер көлемі 33 пайызға тең.
Белгілі болғандай, Wildberries пен Ozon-да сауда жасайтын қазақстандық кәсіпкерлердің мәселесі Ресей Қаржы министрлігіне дейін жетті.