Тамызда әлемде ең қымбаттаған тауар белгілі болды
Өнеркәсіптік тауарлар мен металдар нарығында ең жоғары өсім Қытай биржасындағы битум бағасында байқалды — ол бір айда 21,25 пайызға қымбаттаған. Ал күмістің бағасы 15,96 пайызға өскен.
Тамыз айының қорытындысы бойынша әлемдік нарықта ең қатты қымбаттаған тауар какао болды. Ал ең көп арзандаған өнім — кобальт гидроксиді. Бұл деректерді ICE Futures, CME Group және Шанхай металл биржасының мәліметтері негізінде РИА Новости талдаған.
Жаздың соңғы айында какао бағасы бір ай ішінде 28,22 пайызға өскен. Азық-түлік тауарлары арасында қант пен бидайдың да бағасы айтарлықтай қымбаттады. Қанттың құны 19,87 пайызға, ал бидай 17,11 пайызға өскен.
Сонымен бірге кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді. Атап айтқанда, тамызда апельсин шырыны 6,42 пайызға, кофе 3,97 пайызға, ал шай 3,94 пайызға арзандаған.
Өнеркәсіптік тауарлар мен металдар нарығында ең жоғары өсім Қытай биржасындағы битум бағасында байқалды — ол бір айда 21,25 пайызға қымбаттаған. Ал күмістің бағасы 15,96 пайызға өскен.
Бұл санаттағы ең үлкен баға төмендеуі кобальт гидроксидінде тіркелді. Оның құны тамыз қорытындысы бойынша 16,75 пайызға арзандаған.
Ал отын-энергетика саласында ең көп қымбаттаған тауар — Қытай нарығындағы метанол. Оның бағасы бір айда 21,36 пайызға өсті. Еуропадағы газдың құны 21,12 пайызға, ал АҚШ нарығындағы көмір 19,21 пайызға қымбаттаған.
Керісінше, отын-энергетика секторында ең айтарлықтай арзандаған өнім — Urals маркалы мұнай. Оның бағасы тамыз айында 8,67 пайызға төмендеді.
Осылайша, тамыздағы әлемдік тауар нарығында азық-түлік арасында какаоның, өнеркәсіптік өнімдер арасында битумның, ал отын-энергетика секторында метанолдың бағасы айтарлықтай өскен.