Мұрат Жұрынов: «Тамыр» – жастарға үлгі болар өнегелі кітап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымқан Мәсімұлы жайлы жазған "Тамыр" кітабының жарық көргеніне көп бола қоймаса да, оқырмандар тарапынан жақсы пікірлер айтылуда. Бұл кітапта автор өз әулетінің тамырын, өмірін баяндайды.

"Мен үшін әкем – ертеңгі бұтақтың биік болуы үшін тереңге кеткен тамыр. Жай емес, Алтын тамыр", – дейді Кәрім Қажымқанұлы. Ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің дәнін ұрпағына сіңіре білген әкесі жайлы жүрек тебірентерлік естеліктер мен сағынышқа толы өрнекті ойларын қағазға түсіре отырып, автор әке мен бала арасындағы тығыз байланысты көркем әрі қарапайым тілмен жекізеді. Бұл туралы "Тамыр" кітабымен оқып танысқан белгілі академк Мұрат Жұрынов мырза тарқатып айтып берді.


– Кәрім Мәсімов мырзаның "Тамыр" кітабын оқып шықтым. Ол өзінің әкесі, балалық шағы мен жастық кезеңі жайлы жазады. Кітап өте шынайы, көркем тілмен жазылған. Кітаптың тартымды жазылғаны соншалық, мен түн жарымына дейін бас алмай, бір демде оқып шықтым. Мен Қажымқан ағамызбен таныс болдым. Ол кісі жоғары білімді, парасатты, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары адам еді. Омскіде оқып, инженер мамандығын игерген Қажымқан ағамыз көптеген қызметтер атқарды, соның ішінде атап айтарлығы, Алматыдағы кірпіш зауытын басқарды. Ол кісі ең төменгі көрсеткіштен осы зауытты бірінші орынға шығарған. Міне, бұл оның ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігінің дәлелі. Сондай-ақ ол өмірде өте белсенді адам болды. Үнемі халықтың жағдайын ойлап жүретін, үйлер салды, өзінің туған жеріне үлкен мешіт салған. Мешіт салу деген адамның жүрегінің тазалығына байланысты, ақшаң бар ма, жоқ па, бұл маңызды емес. Мешіт салу деген сөз – сол ауыл тұрғындарының болашағын ойлау деген сөз. Қазіргі жемқорлық жайлаған заманда мешітке барып, хақ жолда жүрген жастардан үлкен жақсылық, жарқын болашақ күтеміз. Бақиға аттанар күні қасында болғандар айтады, сол күні ол кісі өз ауылындағы мешітке барыпты. Бәрімізде Алланың құлымыз ғой, Мешітке барған адам Алладан кешірім сұрап, құран оқып, жақсы тілек тілейді. Қажымхан аға өзі мешітке барған күннің түнінде соңғы сапарына аттаныпты.

Әкесі қайтыс болған кезде Кәрім Қажымханұлы Қытайда іссапарда жүрген еді. Өзі мына кітабында жазады, «Мен Бейжіңде тағы бір аптадай болуым керек еді, бола алмадым, бірақ сол күні өте маңызды мемлекеттік құжатқа қол қою үшін бір күнге қалдым» дейді. Жалпы мұсылмандарда, әсіресе қазақта баланың әкесіне топырақ салуы парыз. Кітапты оқып отырып, өзімнің әкем қайтыс болғанда сонау Мәскеуден ұшып келгенім есіме түсті. 1980 жылы Мәскеуде докторлық диссертациямды қорғап жүрген едім. Ойда жоқта әкем қайтыс болғаны туралы хабар келді. Билет тапшы заманда ауылға зорға жеттім, бір Алла бұйырып, әкемнің жаназасына үгердім. Кәрім Қажымханұлы да әкесіне топырақ салды, өзінің міндетін орындады, бұл да өмірде адамға берілген сын. Егер адамға әкесіне топырақ салу бұйырмаса өмір бойы ойында жүреді, бұл үлкен өкініш.

Қажымқан ағамызды осы Ғылым академясынан шығардық, Кенсайға апарып жерледік. Ол кісімен қоштасуға біраз адам жиналды. Бәрінің айтатыны, ол кісінің қайырымды, жанашыр, еңбекқор адам болғандығы. Кез келген уақытты алдына келген адамнан «менен қандай жәрдем керек» деп тұратын. Мұндай адам өмірде көп емес. Адамда сүйкіммен қарайтын мінез болу керек, Ол Аллаға сенген адам, біреуге титтей жақсылық жасаса Алладан қайтатынын білетін.

Екеуміз анда-санда жолығып қалғанда ол маған өзінің жобалары жайлы әңгімелеп отыратын. Құрылыс саласына 1-2 айда 2-3 қабатты үйлерді салып тастайтын америкалық технологияларды енгізді. Бұдан бөлек қайырымдылық қорлар ашты. Ол шетелдерге көп шығатын, жаңашылдыққа жаны құмар жан кез келген жақсы дүниені бойына сіңіріп, елімізге алып келуге тырысатын. Осының бір дәлелі ол кісі хатха йогамен айналысты. Шетелде йоганың жаттығуларын өзі үйреніп, елге алып келіп, халыққа таратты, Қазақстандағы Йога қауымдастығының президенті болды. Жасы келген адамдар үшін йога өте пайдалы. Ол ылғи осылай халыққа жақсылық жасап жүретін.

Қажымқан Мәсімұлы табиғатынан қарулы адам еді. Ол өмірінің соңына дейін тынбай еңбек етті.

Өкінішке орай, Қажымқан аға 80 жылдық мерейойына санаулы күнер қалғанда бақиға кете барды. Жалпы, Қажекеңнің тағдыры адам қызығатын тағдыр деп есептеймін. Ата-ана үшін ең керек нәрсе не? Бала-шағасының аман болып, өсіп-өнгені. Мінекей, мына Кәрім баласы Мәскеуде жақсы білім алды, лауазымды қызметтер ақарды, екі рет Премьер министр болды, қазір міне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Еуразиядағы ең мықты, сыйлы қызметкерлердің бірі десек қателеспейміз. Осының бәрін әкесі көрді, қуанбады дейсіз бе, қуанды. Баласының өскенін көрген әке қуанады, бақыт құшағында болды. Бірақ ол кісі балам үлкен қызметте екен деп ешқашан шалқайған емес. Сондықтан да меніңше, Алла тағала Қажекеңе жақсы өмір сыйлады.

Баласының үлкен жетістікке жетуіне себепкер әрине, әкенің тәрбиесі. Қажымқан аға өзі жетім өссе де, өз күшімен аяғынан тұрған адам. Сондықтан да болар ол баласын жоқ пен бардың қадірін білуге, қиындыққа төзуге үйретті. Кәрімнің өзі айтқандай, әкесі оны жазғы демалыстарда ағайын-туысқа ауылға жіберіп, қара жұмысқа араласуын қатты қадағалапты. Бұл баласы піссін, шынықсын дегені ғой. «Балаңды аясаң, аяма» дейді қазақ. Міне, Қажымқан аға осы қағиданы ұстанған. Бала Кәрім қыш құйып, құрылысқа да араласты. Ауыл адамдары сыншы келеді емес пе? Қай бала жалқау, кімнің еңбекқор, төзімді екенін біліп отырады. Кәрім ауыл адамдарымен араласып өсті.

Кәрім Мәсімов әкесін құрметтеп, қадірін білген бала. Оның әкесі туралы толғанысының өзі әкесіне деген балалық парызының бір көрінісі.

Қажымқан Мәсімұлының өмірі – шындығында кітап жазуға тұрарлық өнегелі ғұмыр болды. Өмірден алынған осындай шынайы дүниелерді қазіргі жастар оқыса деймін. Кітап көп данамен шығып, жастарға жетсе деген тілегім бар.

Дереккөз: Алаш айнасы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы