Тамшылатып суару табысты арттырады
Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде күзгі жиын-теріннің нағыз қызған шағы. Диқандар өнімді жинауда тынбай еңбектеніп жатыр.
Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданына қарасты Гродекова ауылындағы «Юсупов» шаруа қожалығы мемлекет тарапынан берілген көмектің арқасында шаруасын дөңгелету үстінде. Бахром Юсупов жетекшілік ететін шаруа қожалық жалпы 22 гектар алқапқа пияз ексе, қазіргі таңда 9 гектарлық алқаптың өнімін жинауда. Алқапта пияз теріп, қаптап жатқан жұмысшылардың еңбекке белсене араласқаны көз қуантады.
Орташа есеппен алғанда өнім біз күткендегіден төмен болғанымен, жалпы айтқанда көңіл көншітерліктей нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектерді, субсидияны дер кезінде алып отырған жайымыз бар. Ол біз үшін кәдімгідей үлкен көмек саналады. Оған шүкір дейміз. Өткен жылы лизинг арқылы екі трактор алсақ, енді жағдайымызды одан да жақсартсақ деген ойдамыз, - деген шаруа қожалық жетекшісінің жоспарлары жеткілікті.
Оның сөзіне қарағанда, әуелде бұл алқапта 60-қа жуық адам еңбек еткен. Олар жалақысын ай сайын тұрақты түрде алып тұрды. Алқаптан пиязды жинау жұмысына үш күнге жалданып еңбек еткен жұмысшылардың ақшасын күнделікті төлейді екен. Пиязды негізінен еліміздің барлық өңірлеріне өткізеді. Кейде ресейліктер мен көршілес Қырғыз Республикасының азаматтары да алып жататын көрінеді.
Қазір қапталып жатқан пиязды алқаптан Түркістан облысына жібермекпіз. Бүгінде көтерме бағаға сай пияздың келісін 37-45 теңге аралығында өткерудеміз, - деп атап өтті Бахром Юсупов.
Жалпы алғанда Жамбыл ауданының шаруалары тынымсыз тірлікке ден қойған. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаевтың сөзінен қарағанда, ағымдағы жылы аудан бойынша жалпы 7933 гектар көкөніс дақылдары егілген. Оның 4511 гектары – пияз. 17 ауылдық округтің 9-ы пияз дақылын егуді дәстүрге айналдырыпты. Гродекова ауылдық округінде шаруалар да бұл жұмыста белсенділік танытуда.
Олар 576 гектар жерге пияз ексе, оның ішінде 222 гектарына тамшылатып суару технологиясын қолданған. Осылайша олар мол өнім алуға баса назар аударды. Аудан бойынша айтатын болсақ, бүгінде шаруалар 50 тоннадан 120 тонна аралығында өнім жинап алуда. Бұл жерде тамшылатып суару технологиясын қолға алған шаруа қожалық иелері гектарынан 90-120 тонна көлемінде өнім жинағанын айта кеткен жөн, - дейді ол өз ойымен бөлісіп.
Гродекова ауылдық округінің әкімі Болат Қожабековтің айтуынша, күзгі жиын-терін кезінде ауыл тұрғындары едәуір табыс тауыпты. Мәселен, «Юсупов» шаруа қожалығының алқабында еңбек етіп жатқан жұмысшылар еңбегіне сай лайықты түрде еңбекақысын алып жатқандарын айтып қалды.