Тамақ өнімдерінде қандай антибиотиктер кездеседі

ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Азық-түлік тауарларына техникалық регламенттерді бақылау басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева тамақ өнімдерінде анықталатын антибиотиктер жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының сөзінше, адам денсаулығына келтірілетін зиянның ықтимал қаупін ескере отырып, заңнамада сүт және сүт өнімдері, ет, оның ішінде құс еті, жұмыртқа және жұмыртқа өнімдері сияқты тамақ өнімдерінде көп қолданылатын антибиотиктер, атап айтқанда, левомицетин, тетрациклин тобы, стрептомицин, пенициллин, бацитрацин жөнінде нормативтер белгіленген.

Осы антибиотиктердің тамақ өнімдерінің құрамында болуына жол берілмейді, мұны тұтынушылардың білгені маңызды. Осылайша «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінде жануарлардан алынатын өңделмеген азық-түлік шикізаты антибиотиктердің және сою алдында жануарлар организмінен шығарылмаған, ветеринарияда қолдануға арналған басқа да дәрілік заттардың әсеріне ұшырамаған өнім беретін жануарлардан алынуы тиіс екендігі көзделген, - деді Әйгерім Садубаева.

Комитет жыл сайын қадағалау іс-шаралары кезінде жануарлардан алынатын өнімдер құрамындағы антибиотиктерге мониторинг жүргізіп отырады.

Антибиотиктердің қалдық мөлшерінің болуын мониторингтеу мақсатында жыл сайын ет, құс еті және сүт өнімдерінің 3 мыңнан астам сынамасы зерттеледі.

Оның сөзінше, бұрын 2018-2020 жылдары тамақ өнімдерінде антибиотиктер зерттелген жануарлардан алынатын тамақ өнімдерінің орташа есеппен 14-17 сынамасынан анықталатын (левомецитин және тетрациклин тобының антибиотиктері, бацитрацин және хинолон анықталған).

2022-2023 жылдары республикада антибиотиктердің болуы жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер анықталған жоқ.

Еліміздің нарығында сатылып жатқан талаптарға сай келмейтін өнімдердің негізгі бөлігін импорттық өнімдер құрайтынын айта кету керек. Бүкіл әлемде антибиотиктерге төзімділіктің артуы қауіпті жоғары деңгейге жетті. Тамақ өнеркәсібінде қолданылатын препараттардың тобы қазір антибиотиктердің бірнеше ондаған түрлерін қамтиды және үнемі кеңеюде, сәйкесінше олардың көпшілігінің тамақ өнімдеріндегі мөлшері әлі нормаланбаған және бүгінгі таңда бақылау шаралары тамақ өнімдерінде қолданылатын барлық антибиотиктің мөлшерін анықтай алмайды, - деп айтты Әйгерім Садубаева.

Бұл ауыл шаруашылығында антибиотиктерді қолдану бойынша тиісті қағидаларды сақтау жауапкершілігі толығымен өндірушіге жүктелетінін білдіреді. Алайда, өндіріс мәдениетінің дамымауына байланысты көптеген өндіруші өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында антибиотиктерді қолдану қағидаларын сақтамайды, себебі бұл жоқ дегенде арнайы білімі мен дағдылары бар қызметкердің болуын, өндірісте антибиотик көмегімен аурулардың алдын алу қажеттілігін болдырмайтын қажетті гигиеналық жағдайларды сақтауды, құрамында антибиотиктер бар тамақ өнімдерін жоюды және т.б. талап етеді.

Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі туралы ескертеді, ал Халықаралық тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымы азық-түлік компанияларын антибиотиктерге қатысты саясатты өзгертуге шақырады.

Антибиотиктер мөлшерін бақылау бойынша тиімді шаралардың болуына қарамастан, тұтынушы жануарлардан алынатын өнімдерді (ет, сүт өнімдері, жұмыртқа) сенімді сатушылардан және рұқсат етілген базарлардан сатып алған дұрыс екенін есте сақтауы керек. Сатылатын жануарлардан алынатын өнімде оның нормативтік талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар (жануарлардан алынатын өңделмеген тамақ өнімінде – ветеринариялық-санитариялық сараптаманың өткізілгенін растайтын құжат, жануарлардан алынатын өңделген тамақ өнімінде – сәйкестік декларациясы, балалар тағамына арналған ет және сүт өнімдерінде – мемлекеттік тіркеу туралы куәлік) болуы тиіс.

Тамақ өнімдерін, оның ішінде жануарлардан алынатын өнімдерді сатып алу кезінде әрбір тұтынушы таңбалауға назар аударуы керек, онда тамақ өнімінің атауы, оның құрамы, тамақ өнімдерін өндірушінің атауы және орналасқан жері, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі және өнімді сақтау шарттары, сондай-ақ ұсынымдар және (немесе) пайдалануға шектеулер, Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнімдердің айналымына арналған бірыңғай белгі туралы ақпарат болуы керек, - дейді ол.

Сонымен қатар тұтас етке, еттің жартысына ​​және еттің төрттен бір бөлігіне ветеринариялық белгінің қойылатынына назар аудару керек, қосымша тауар белгісін қоюға жол беріледі.

Қапталмаған сойылған ет өнімдерінің ілеспе құжаттамасында мынадай мәліметтер көрсетіледі:

- өнім алынған жануар етінің түрі, сойылып алынған өнімнің атауы;

- тұтас еттердің, жарты еттердің, төрттен бір бөлігінің және кесінділерінің термиялық күйі («салқындатылған», «мұздатылған»);

- тұтас еттің анатомиялық бөлігі (кесінділер үшін).

Бүгінгі таңда бұл жағдайдан шығудың ықтимал жолы – жануарлардан алынатын өнімдерді (мал еті, сүт өнімдері, жұмыртқа, құс еті) мал шаруашылығы шикізатына ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілгеннен кейін тексерілген сенімді өндірушілерден сатып алу.

Комитет белгісіз фирмалар шығарған, сыртқы түрі нашар, сапасы күмән туғызатын мал, құс және балық шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ өнімдерді белгісіз және сатуға арналмаған орындар мен үй-жайлардан: көшеде, аулада, көліктің жүксалғышынан, кіреберісте және т.б. жерлерде сатып алмауға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - Архив
Өзгелердің жаңалығы