Тәліптер Ауғанстанда әйелдер мен ирандық авторлардың кітаптарына тыйым салды

Ауғанстанда сөз бостандығы мен академиялық ортаға соққы болған жаңа шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Тәліптер бақылайтын Жоғары білім министрлігі университеттік бағдарламалардан 679 кітапты «шариғатқа қайшы» деп шығарып тастады.

Тыйым салынғандардың қатарында әйелдер жазған 140 кітап, ирандық авторлар мен баспаларға тиесілі 310 еңбек, сондай-ақ түрлі пәндерге арналған ондаған оқулық пен оқу құралдары бар.

Ауған университеттеріне жолданған ресми хатта министрліктің ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Зиаур Рахман Аюбидің айтуынша, шешім "дінтанушылар мен сарапшылардың талдауынан кейін" қабылданған. Олардың пайымдауынша, бұл еңбектер тәліптер түсіндірген ислам қағидаларына қайшы. Бұған қоса, университеттерде 18 оқу курсы да "шариғатқа қарсы" деп танылып, жабылды. Тағы 200-ден астам пән қаралып жатыр және олар да тыйым салынғандар қатарына енуі мүмкін.

BBC-ге пікір білдірген комиссия мүшесінің айтуынша, ирандық авторлардың еңбектеріне тыйым салу "Ауғанстанның білім беру бағдарламасына ирандық контенттің енуіне жол бермеу" мақсатында жасалған.

2021 жылдың тамызынан бері билікке қайта оралған талибтер әйелдердің құқығына шектеулерді күшейтіп, оларды іс жүзінде білім беру жүйесі мен қоғамдық өмірден ығыстырды. Қыздарға орта мектеп пен жоғары оқу орындарында оқуға, сондай-ақ ер адамның ілесуінсіз көшеге шығуға тыйым салынған.

Биыл халықаралық құқық қорғау ұйымдары АҚШ пен НАТО күштерінің елден кеткенінен кейін тәліптердің қыз балаларға орта білім алуға тыйым салғанына төрт жыл толғанын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы