Талибандар университеттерде әйелдер жазған кітаптарды оқытуға тыйым салды
Ауғанстандағы талибан үкіметі жаңа жарлық шығарып, елдегі университеттерде әйелдер жазған кітаптарды оқытуға тыйым салды. Сонымен қатар адам құқықтары мен жыныстық бопсалау тақырыптары да оқу бағдарламасынан алынып тасталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Жаңа тізімге сәйкес, әйелдерге тиесілі 140 еңбектің қатарында “Химия зертханасындағы қауіпсіздік” атты ғылыми кітап та бар. Барлығы 680 кітап “шариғат пен жүйе саясатына қайшы” деп танылып, оқытудан алынды.
Бұған қоса, 18 пәнді оқытуға тыйым салынды. Оның алтауы тікелей әйелдер тақырыбына байланысты – “Гендер және даму”, “Әйелдердің коммуникациядағы рөлі”, “Әйелдер социологиясы” және тағы басқалары.
Бұл шешім – соңғы төрт жыл ішінде билікке қайта келгеннен кейін енгізілген шектеулердің жалғасы. Жақында ғана елдің кемінде 10 провинциясында талшықты-оптикалық интернетке тыйым салынды.
Әйелдерге қатысты ең ауыр соққы білім беру саласында байқалып отыр. Қыздарға алтыншы сыныптан кейін оқуға рұқсат жоқ. 2024 жылдың соңында соңғы мүмкіндік саналатын акушерлік курстар да жабылған еді.
Бұрынғы әділет вице-министрі әрі тыйым салынған кітап авторларының бірі Закия Адели бұл шешімге таңғалмағанын айтты.
Соңғы төрт жылдағы талибандардың саясаты ескерілсе, оқу бағдарламасына мұндай өзгерістер енгізу – күтпеген жағдай емес. Әйелдерге оқуға тыйым салынған жерде олардың ойлары мен еңбектеріне де орын жоқ, – деді ол.
Бұған қоса, Иран авторлары немесе Иранда басылған кітаптарға да тыйым салынды. Тыйым салынған 679 кітаптың 310-ы – ирандық авторлардікі немесе Иранда шыққан еңбектер. Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім ауған университеттерін әлемдік ғылыми қауымдастықтан оқшаулап, жоғары білімде үлкен бос кеңістік қалдырады.
Иран авторлары мен аудармашыларының еңбектері біздің университеттерді әлемдік академиялық ортаға жалғап тұрған негізгі көпір еді. Оларды алып тастау – білім саласында орасан олқылық туғызады, - деп жағдайды сипаттады Кабул университетінің профессоры.
Жаңа ережелер тамыз айының соңында күшіне енген. Талибан билігі әзірге бұл шешім бойынша ресми пікір білдірмеді.