"Талибан" әйелдердің жоғары білім алуына шектеу қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауғанстанда әйелдер университетте ерлерден бөлек оқиды, мұсылманша киінуіге міндеттенеді деді 12 қыркүйек күні "Талибан" құрған үкіметтің мүшесі.

"Талибан" құрған ауған үкіметінде жоғары білім министрі қызметін атқаратын Абдул Бақи Хаққани бұл ережені Кабулдағы баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, тәліптер Ауғанстанда осыған дейін 1996-2001 жылдары билік құрып, әйелдер құқығын қатаң шектегенімен көзге түскен. Олар әйелдерге білім алуға, жұмыс істеуге, көшеге ер адамсыз шығуға тыйым салған. Бірақ 15 тамызда Ауғанстанды бақылауға қайта алғанын мәлімдеген "Талибан" бұл жолы елді басқаша басқаратынын, әйелдер құқығын шектемейтінін айтқан.

Хаққанидің сөзінше, "Талибан" 20 жыл бұрынғы күйге оралғысы келмейді, бүгінгі жағдайға сүйеніп әрекет етуді көздейді.

Бірақ әйелдер университеттері қазірдің өзінде "Талибан" шектеулеріне тап болып отыр. Сол шектеулердің бірі – киім үлгісі. Хаққани хиджаб кию міндетті болады деді, бірақ бұл тек басты жабумен шектеле ме, әлде әйелдер жүзін де жасыруы керек пе, ол жағын нақтыламады.

Тәліптер сондай-ақ гендерлік сегрегация енгізбек.

Ұлдар мен қыздарға бірге оқуға жол бермейміз - деді Хаққани.

Жоғары білім министрінің сөзінше, егер әйел мұғалім жетіспесе, арнайы шаралар тетігі іске қосылмақ.

Қажет болған жағдайда, [әйелдерге] ер адам да сабақ бере алады, бірақ мұның бәрі шариғатқа сай жүреді - деді ол. 

Министрдің сөзіне қарағанда, сынып бөлмелерінде ерлер мен әйелдер арасын перде бөліп тұрады. Сабақты онлайн не теледидар арқылы да беруге болады.

Тәліптер келгелі көптеген жерде сынып бөлмелерін пердемен бөліп үлгерген.

Хаққани университетте оқытылатын пәндер де тексеруден өтетінін айтты, бірақ мұның жай-жапсарын нақтыламады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы