Тәліп дегеніміз керітартпа студент болып шықты – саясаттанушы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тәліп деген - арабша оқыған, студент деген сөз. Басында Ауғанның билігіне оқыған жастар келе жатыр деп ойлаушы едім. Оқығандар батысшыл, прогерсске ұмтылғыш келеді. Бірақ оларда керісінше болып шықты, шала оқыған, әсіредіншіл, керітартпалар. Бұл туралы саясаттанушы Әзімбай Ғали тілдесу кезінде айтты.
Саясаттанушы алғашында тәліптер Ауған үкіметіне келе бастағанда енді өзгеріс болады, оқығандар басшылыққа келіп, өзгеріс әкеледі деген ойда болғанын айтады.
Өзім көп жыл ЖОО-да сабақ бергендіктен, оқитын жастарды жақсы көрдім, оларға әрдайым ішім жылып тұрады. Сондықтан тәліптерге де сондай көзқараста болдым. Ал олар іс жүзінде студент деген сөздің антиподы болып шықты. Мен Исламға қарсы емеспін, бірақ бұлар Исламның тұрпайы түрін таңдап, прогресске қарсы шықты, - дейді ол.
Сонымен қатар саясаттанушы АҚШ әскері Ауғанстаннан кетісімен тәліптер үкіметті неліктен тез басып алғаны туралы айтты.
Ауған халқы бәрінен шаршаған. Оның үстіне қазір тәліптердің де үгіт-насихаты мықты болып тұр, сондықтан көпшілік олардікі де дұрыс шығар деген оймен көп қарсылық көрсеткен жоқ. Оның үстіне Ауғанстан - көпэтникалық мемлекет. Ұлттық көпшілік жағынан көшпелі пуштындар бірінші орында. Олар ұзақ уақыт шеттетіліп келген. Қазақ көп, бірақ қазақша сөйлеуге мүмкіндік бермейді деген сияқты ғой. Енді солар билікке келіп жатыр. Онда 20 жыл болған АҚШ та әбден шаршады әрі Ауғанстандағы соғыс өте қымбатқа түсті. Оның үстіне халық оларға рақымсыз қарады, көмектерін ескермеді, - дейді ол.
Әзімбай Ғалидың айтуынша, Ауғанстанда 30 мыңдай қазақ тұрған, қазір оның көбі елге көшіп келіп алды. Сонымен қатар ол Ауған билігіне келіп жатқан пуштындар көбінде көшпенді өмір-салтын ұстанып келгенін жеткізді.
Ауғанстандағы тәліптер архаикалық қоғамда қалып қойған. Көшпелі қоғамның позитивті жақтары да бар, бірақ олар оның бәрінен айырылған. Мал ұстасаң, ертең келіп біреу ұрлап әкетеді, ол үйреншікті нәрсеге айналған. Оған қоса олар бұрынғы салт-дәстүр, дінді қатаң ұстануымыз керек дейді. Онымен жүрмегендерді атып тастайды, - дейді ол.Сондай-ақ саясаттанушы Ауғанстандағы жағдай еліміздегі жасырынып жатқан радикалды діни ұяшықтардың бой көтеруіне әсер етуі мүмкін деген ойда.
Радикалды топтағылар өздерінің бар екенін көрсету үшін бас көтеруі мүмкін. Бірақ жаппай ондайға бармайды. Өйткені көпшілік қазір сауатты, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді. Керітартпа біреулер болмаса, қазақ олардың ісі дұрыс емес екенін біледі, - дейді Әзімбай Ғали.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алдағы күндері ауа райы қандай болмақ?
Келесі жаңалық
Алматы облысында ер адам әйілінің басын балғамен ұрған
Өзгелердің жаңалығы