Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов жас сарбаздармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адамзаттың ғарышты алғаш игеруіне 60 жыл және тұңғыш қазақ астронавтының ғарышқа ұшуына 30 жыл толуына орай ҚР ҚК Ұлттық әскери – патриоттық орталығында «Ғарышқа жол» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Дүние жүзі тарихында 1961 жылдың 12 сәуірі ерекше сәт болып сақталды. Бұл күні Юрий Алексеевич Гагарин тұңғыш рет ғарыш кеңістігіне сапар шекті. Алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда ғарышқа көтерілді. Одан кейін төрт жылдан кейін ҚР-нан бірінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ұшты. Ол 1994, 1998 және 2001 жылдары үш мәрте ғарышқа көтеріліп, 341 тәулік, 9 сағат, 48 минут 41 минут болады. 2015 жылы 2 қыркүйекте қазақтың келесі ғарышкері Айдын Айымбетов «Байқоңыр» айлағынан аспанға көтерілді. Ол ғарышқа сапарында 9 тәулік, 20 сағат, 13 минут 51 секунд болып, ғылыми жобаларды іске асырды.


Атаулы күндерге орай өткен іс-шара барысында «Ерлік сабағы: кітапқа жазылмаған тарих» атауымен «Жас Сарбаз» тәрбиеленушілерінің патриоттық рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілігі мен сезімін қалыптастыратын ерлік сабағы өткізілді.


Ерлік сабағының құрметті қонақтары тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ҚР авиациясының генерал – лейтенанты, «Халық қаһарманы» - Талғат Мұсабаев, қазақ ғарышкері, ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері генерал – майор Айдын Айымбетов болды.


Кездесу барысында қонақтар жас сарбаздардың көкейіндегі сұрақтарына жауап берді.

3 жасымда алғаш рет ұшақты көріп, аспанға ұшқым келді. 1961 жылы мен мектеп оқушысы болдым. Мектепте болып жатқан жиналыс үстінде ұстазымыз: балалар, бүгін 1961 жылдың 12 сәуірінде тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ғарышқа ұшты деген сәтте қатарда тұрған балалардың бәрі қолдарын екі жаққа қойып, жүгіре жөнелді. Ол кезде космос, ракета дегенді анық түсінбесем де, ғарышта Талғат Мұсабаев деп айтылып жатқан сәтті көз алдыма елестеттім. Осылайша 10 жасымдағы арманым тура 33 жылдан кейін орындалды, - деп ҚР тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаев балалық естеліктерімен бөлісті.


Кездесуде ғарышкер көп кітап оқу керектігін айтты. Ғарышқа ұшқан кезін еске түсіріп, қарапайым қазақ баласының ұлы ғарышкерге дейінгі өмір жолына тоқталды.

Бүгін сондай тамаша күн, ұлы күн. Осыдан 60 жыл бұрын адам баласы алғаш рет ғарышты бағындырды. Біз үшін оның керемет үлгі көрсеткені соншалық, біз сол кісінің артынан еріп, ғарышкер болуға күш салдық. Бізді ғарышқа шақырған Юрий Гагарин болды. Бұл – бүкіл адамзаттың ерлігі. Дәл сол сәтте тек Кеңес Одағы үшін ғана емес, дүние жүзі үшін жаңа парақ ашылды. Бүгінгі іс-шара өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Бізге Юрий Гагарин үлгі болса, енді, Аллаға шүкір, біздің артымыздан осы отырған жас сарбаздар еретін болады. Жастардың көзінен патриотизмды, жанып тұрған отты байқадым. Тоқтар Әубәкіров, Айдын Айымбетовтан кейінгі батырларымызға осында тәрбиелік мәні бар шаралар ұйымдастырыла берсіз. Бүкіл әлемдегі әріптестерімді, ҚР Қорғаныс министрлігін және жас сарбаздарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын, - деді ол.



ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері генерал – майор Айдын Айымбетов қызықты сұрақтарға жауап берді, арманға адал болудың маңызына тоқталып, ешқашан берілмеу керектігін жеткізді.

Ең бастысы - болашақ жастарымыз, жас балаларымыз. Егер біз болашақ ұрпақтарымызды тұтынушы ретінде ғана көретін болсақ, онда алдағы уақытта шығармашыл ізденімпаз және білікті жастарымыздан айырылып қаламыз. Жастар өткеннен сабақ алып, тек жақсы жаққа ұмтыларына сенеміз. Жастарды руханилық пен жан сұлулығына, махаббатқа, үлкенге деген сыйластыққа үйретсек, тәрбиелі ұрпақты қалыптастырамыз, алдыңғы қатарда боламыз. Мақсат қойыңыздар. Кім болғыларыңыз келсе де, тек алға ұмтылыңыздар. Іздемпаз болыңыздар. Күресіңіздер. Талғат ағамыз қарапайым жұмысшылар отбасынан шығып, алпыс жыл бұрынғы арманына үлкен еңбекпен қол жеткізді. Ұлы композитор болғыңыз келеді ме, боласыз. Қорықпаңыздар. Кез келген мақсатқа қол жеткізе аласыздар, алдарыңызда барлық есік ашық, - деп тілек білдірді ғарышкер Айдын Айымбетов.

Сонымен қатар "Жас сарбаз" Елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек сөз сөйледі. Ол өз кезегінде "Жас Сарбаз" тәрбиеленушілерінің атынан ғарышкерлерге атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.


Салтанатты сөзден кейін Асхат Бағдатұлы ғарышкерлерге барлық жас сарбаздардан естелік сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде «Жас Сарбаз» балалар студиясы қонақтарымызға ән шашу тарту етіп, кездесудің соңы әсерлі нотамен аяқталды.



Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ҚР авиациясының генерал – лейтенанты, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев музей кітабына ізгі тілегі мен қолтаңбасын қалдырды.



Кездесу соңында көпшілік қауым арнайы ғарыш күніне орай ҚР ҚК Ұлттық әскери мұражайында ашылған «Ғарышқа жол» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.



Раушан Сапар

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы