Талғарға жаңа әкім тағайындалды
Алматы, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі және аудандық мәслихаттың келісімімен Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Қайдар Әбдіханов Талғар ауданының әкімі болып тағайындалды.
Қайдар Әлиханұлы 1974 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Октябрь ауылында туған. 1997 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтын «мал шикізатын тауарлаушы инженер» мамандығы бойынша, 2003 жылы Экономика және құқық академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Талғар қаласындағы «Айгерим» ЖШС-нің коммерциялық қызмет директорының орынбасары ретінде бастаған. 1998 жылы Алматы қаласында «Қару-Жарақ» Республикалық мемлекеттік мекемесінің қара және түрлі-түсті металлдар қалдығын сату бөлімінің инженері, ал 1999 жылдан 2014 жылға дейін Кеден органдарында қызмет атқарған. 2014 жылдан 2016 жылға дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Қостанай-КРО» және «Жетіқара» кеден бекеттерінің басшысы міндетін атқарушы, басшысы қызметінде болған. 2016 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаментінде жұмыс атқарған.
2017 жылдан 2018 жылға дейін Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округінің әкімі. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Талғар ауданы әкімінің орынбасары лауазымында болған.