Бүгiн 2026, 19:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Талғарда қаза тапқан ер адамның балаларына психологиялық көмек көрсетіледі

Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстары кәмелетке толмаған балаларға қамқорлық рәсімдеп, оларды өз қолдарына алған.

Алматы облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова BAQ.KZ редакциясына Талғарда қатыгездікпен өлтірілген ер адамның балаларына қатысты жағдайға түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін марқұмның туыстары кәмелетке толмаған балаларға қамқорлық рәсімдеп, оларды өз қолдарына алған.

Жәбірленушінің туыстары қамқорлықты рәсімдеп, балаларды алып кетті. Балалар қауіпсіз жерде. Тұрғылықты жері бойынша оларға психологиялық көмек пен қолдау көрсетіледі. Қажетті сүйемелдеу ұсынылды, — деді Айгүл Есімбекова.

Бұған дейін марқұмның отбасының адвокаты Асылбек Әбдірайымов BAQ.KZ тілшісіне трагедия кезінде пәтерде төрт кәмелетке толмаған бала болғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, олар болған оқиғаға куә болып, психологиялық көмекке мұқтаж.

Еске салайық, Талғар қаласында ер адамның қатыгездікпен өлтірілу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оған 30-дан астам пышақ жарақаты салынған. Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде бір топ адам жасаған кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін марқұм отбасының адвокаты редакциямызға 7 баланың әкесіне қатысты қылмыстың жаңа мән-жайын жария етті.