Талғарда ерлі-зайыптыларды өз үйінде аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген

Алматы облысындағы Талғар ауданында 79 жастағы ер адам мен оның 76 жастағы жары өз үйлерінде аяусыз өлтірілген. Олардың көмірге айналған мәйіттері таңертең үйдің ішінен табылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыскер түнде, ерлі-зайыптылар ұйықтап жатқан кезде үйге кірген. Ер адамды пышақтап өлтірген, ал әйел адамды тұншықтырып, жанын қиған. Сондай-ақ, денелерінен көптеген гематома мен соққы іздері анықталған.

Қылмысты жасыру мақсатында үйді әдейі өртеп жіберген болуы мүмкін. Көршілердің айтуынша, олар түнде ешқандай шу естімеген, тек терезелерден түтін бұрқ ете түскен кезде ғана күдіктене бастаған.

Алматы облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған қанды қылмысқа қатысты BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді.

Талғар ауданында екі қарт тұрғынның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Іске ең тәжірибелі қызметкерлер тартылған арнайы тергеу-жедел тобы құрылды, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бұл қылмысқа 38 жастағы көрші күдікке ілінді. Ол бұған дейін ұрлық жасап, сотталып, жақында ғана түрмеден босап шыққан. Туыстары оның бұрын бірнеше рет ұрлық жасағанын, алайда мұндай қатігездікке бармағанын айтады. Қазіргі уақытта ол іздеуде, полиция оны қолға түсіру үшін жедел шаралар жүргізіп жатыр.

Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары аясында тергеу-жедел тобы құрылды. Қылмыстық іс қозғалды – бұл дерекке Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша процесс жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы