Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылды
Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Басқа лауазымдағы қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі пысықталуда.
Сондай-ақ сеніп тапсырылған аумақта бақылауды әлсіреткені үшін Талғар ауданының әкімі - Танат Айдарбековке сөгіс берілді.
Еске сала кетейік, 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.
Алматы облысының Полиция департаменті "Кәмелетке толмаған баланы өлтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жасөспірім өлімі туралы істі прокуратура да ерекше бақылауға алды.
Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. Ал дүкеннің кіреберісіне Шерзаттың суреті ілініп, тұрғындар гүл шоқтарын қойған еді. Бүгін сол дүкен қабырғасына марқұм Шерзат бейнеленген плакат ілінді.