Талғар мен Қаскелеңнің жоғарғы трассасы төрт жолақты болып кеңейтіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.
Амандық Баталовтың айтуынша, Алматы облысындағы жолдардың жобасын қайта қарау кезінде Талғар мен Қаскелеңнің жоғарғы тас жолын да кеңейту бойынша шешім қабылданған.
Таңғы және кешкі уақытта ол жерлерде үлкен көлік кептелісі болады. Оны шешу үшін министр Атамқұловпен бірігіп, жолды қайта жоспарлау қажеттігін ұсындық. Үкімет оны қайта жоспарлап, кеңейту бойынша шешім шығарды. Алдағы уақытта бұл жол төрт жолақты болып кеңейтіледі. Бұл ең жақсы шешім болды деп санаймын, - деді Баталов.
Сонымен қатар ол құрылысы бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан Алматы маңындағы «Алтын орда» базары жолына қатысты түсінік берді.
Ол жердегі жұмыстың созылып кетуі мердігер компанияның кесірінен болды. Халықтың және біздің талабымыздан кейін ондағы мердігерді Қазавтодор компаниясы алмастырды. Олар осы жылдың соңына дейін құрылысты аяқтаймыз деп отыр, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол бірнеше жылдан бері қайта салынып жатқан Талдықорған-Өскемен жолына қатысты түсінік берді.
Талдықорған-Өскемен жолындағы құрылысты бақылауда ұстап отырмыз, Премьер-министр де үнемі келіп, ол бойынша жиналыс өткізіп тұрады. Бұған дейін жергілікті тұрғындар мен мердігер компания арасында проблема болған еді. Қазір ол шешілді, жұмыс толық қарқынмен жүріп жатыр. Ондағы жұмысшылардың 90%-ы жергілікті тұрғындар және жақсы жалақы алып отыр. Олар осы жылы жолды Талдықорғаннан Үшаралға дейін толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр. 2022 жылға дейін Үшаралдан туристік Ақши елді мекеніне дейін жол толығымен аяқталады, - деді Амандық Баталов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы