Талдықорғандықтар апатты үйде тұрып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорған қаласының аумағында 300-ден астам азамат 14 апатты үйде тұрып жатыр. Ескі үйлер Кивилев, Шевченко, Абылай хан көшелері мен Жетісу шағын ауданында орналасқан. Бұл туралы шаһар басшысы Әсет Масабаев брифингте мәлім етті.
Кивилев көшесінің бойында 8 пәтерлі 4 үй орналасқан. Оның ішінде 29 пәтердің меншік құқығы бар. Ал үшеуі заңдастырылмаған. Бүгінде апатты үйлердің иелерін көшіру мақсатында Кивилиев көшесіндегі 27 пәтер сатып алынған.
Бұл үйлер тұрғындарға «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында дайындалған «Талдықорған қаласының 2022-2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы» шеңберінде беріледі. Яғни, бұл бағдарлама апатты тұрғын үйлерді сүріп, одан азаматтарды көшіруді қарастырады, - деді қала басшысы.
Сондай-ақ ол Талдықорғандағы аялдамаларды күтіп ұстауға 61,3 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтты.
Бүгінде шаһардағы 21 смарт аялдаманы жаңарту үшін байқау өтіп жатыр. Яғни заманауи аялдамаларға шексіз ғаламтор, смартфондарды зарядтау тетіктері, қоғамдық көліктердің бағыттары көрстеліген электронды тақтайшалар, бейнебақылау камераларын орнату, сонымен қатар шатыр және күн панелдерін жөндеу көзделген, – деді шаһар басшысы Әсет Масабаев.
Сонымен қатар сәуір айынан бастап Шығыс шағын ауданында, Шахворостов, Гагарин, Алдабергенов, Біржан сал көшелерінде, Қадырғали Жалайыр даңғылында 10 аялдама кешенін салу жұмыстары басталған. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады деп жоспарланған.
Қалада 26 бағыт бойынша ,7 қоғамдық көлік тасымалдаушы бар. Ұйымдардарда барлығы 230 қоғамдық көлік болса, оның 190-ы күн сайын желіге шығады.
Биыл қалалық тасымалдаушылар ұйымы жалпы құны 2,3 миллиард теңгеге 55 автобус сатып алған. Сонымен қатар, шаһардың әлеуметтік маңызды бағыттарында жұмыс атқаратын тасымалдаушыларға 430 миллион теңге субсидия бөлінген.