Талдықорғандық жүргізуші 7 жыл "жаяу" жүретін болды
Құқық бұзушы сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Талдықорғанда жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорғанда полиция қызметкерлері қозғалыс мәнері күмән тудырған автокөлікті тоқтатты.
Тексеру барысында рөлде Алматы облысының 38 жастағы тұрғыны отырғаны анықталды. Ол Changan Uni-T маркалы автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарған. Жүргізуші өз әрекетінің қауіптілігін сезінбей, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қатер төндірген. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, азаматтың орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны расталды. Іс материалдары сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, - деп хабарлады Талдықорған қаласының ПБ баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада адамдарды тонаған үш студент ұсталғаны хабарланды.