Талдықорғандағы "тауық қорада" кімдер тұрады?

Береке қалашығының беймәлім беттері ашылуда. Аяқсыз қалған қабат үйлерге мемлекет қайта ақша бөлді. 204 пәтер құсұясына айналса, қалған 373-і қаусап тұр, деп хабарлайды хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылысқа 2,7 млрд теңге қажет

Көрген жұрттың бәрі жемқорлықтың нышаны балайтын облыс орталығына кіреберісте орналасқан коттедж қалашығының жайы әлі де ушығып тұр. Әбден запы болған көпбалалы ата-аналар осы қираған қалпында бізге берсе, сөзіміз жөндеу жұмыстарын істеп аламыз дейді. Тіпті жетісулықтар сол үйлерді «тауық қора» деп те атайды екен. Ал қала әкімдігі бұрынғы жергілікті биліктің қателігін жамауға шамасы жетер емес. Құрылысты соңына дейін аяқтау үшін қыруар қарды қажет. Оны облыстық бюджеттен үнемдеп жасамаса, бірден бүтін қалпына келтіре алмайды.

«Береке» коттедж қалашығының құрылыс жұмыстары 2025 жылы тәмамдалады. Бүгінде сақалды құрылыс нысанына айналған қалашықты кезең-кезеңімен ретке келтіру жұмысы қолға алынды. Өкінішке қарай, нысандардың кідіріп тұрғанына 4 жыл болды. Биыл облыс әкімінің қолдауымен қалған үйлерді мемлекеттік сараптамадан өткізіп, қалдық соманы шығарып, сметалық құжаттарды толық реттедік. Қалашыққа шамамен 2,7 млрд теңге қажет. Биылға 400 млн қаржы бөлініп отыр. Соның нәтижесінде қазан айында 72 үйді толық жөндеуден өткіземіз. Жылдың аяғына дейін 97 үйді тапсырамыз. Кезек бойынша көп балалы 97 отбасы кіреді,- дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Көпке аян, 2018 жылы қалашықта несиелік және жалға берілетін үйлердің құрылысы басталған. Жалпы ауданы 19 мың метр квадратты құрайтын 577 тұрғын үй бой көтеруі керек болған. Дегенмен жемқорлық оқиғасына байланысты 373 нысан ғана қолданысқа беріліп, қалғаны орта жолдан тоқтаған еді. Содан көп ұзамай үй иелері сапасыз жүргізілген құрылысты әшкере етіп, жалға алудан бас тартқан. Бұл мәселе әлеуметтік желіде үлкен шу туғызып, іс сотқа жолданып, бірнеше тұлға темір торға тоғытылған. Құрылысқа жауапты «ПМК-7К» компаниясымен қала әкімдігі өзара келісімді үзіп, іс тоқтаған. Содан бері қаншама жыл өтсе де аяқсыз қалған қосқабатты үйлер сол қалпы қалды. Ішіне ит-мысық түнеп, құс саңғып кеткен. Тіпті, материалдарын ұрылардың тоңап кеткені де анықталған.

«ПМК-7К» компаниясының иесі кім?

Аталған компанияның артында Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов тұрғаны жайлы қауесет көп. Себебі серіктестік 4 млрдқа жуық қаржы қолды еткен. Оннан астам адам сотталды дегеніменен, қаржы толық өңдірілмеген. Мұны естіген үй иелері өз бетінше әрекет етуге көшкен. Арыз жазып, үйдің толықтай тексерістен өтуін талап етеді. Кейбірі одан қайыр боларына сенбей, шама-шарқынша өз қаражатына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасаған.

Біздің түсінбейтініміз, техникалық қадағалау мамандарының атқарылған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қойғаны. Бұл өте үлкен заңбұзушылық жатқанын білдіреді. Яки, мұның бәрі дөкейлердің қолымен жасалған. Ешқандай бақылау, тексеріс болмаған секілді. Бір компаниядан, екнішісі өтіп, құрылыс нысанының әбден берекесі кеткен. Ең өкініштісі, қала әкімдігі «ПМК-7К»-мен байланысты дер кезінде үзбегені. Талапкер аталған компанияны соттан ісін адал атқармайтын орындаушылар тізіміне енгізуді сұрағанымен, қаржы сол бойы қайтарылмады. Халықтың арасында бюджет қаражатын бүлдіргенкомпанияның иесі Баталовтың баласы деген сөз де тарады. Жел тұрмаса шөптің басы бекер қимылдамайды, - дейді қала тұрғыны Ақмаржан Юсупова.

«ПМК-7К»-ның тарихына үңілейікші. Аталған компанияның өмір сүріп жатқанына 20 жылға уақыт болыпты. Тіркелген жері Алматы қаласы.Серіктестік директоры – Бағлан Мұстапаев деп көрсетілген. Ал құрылтайшысы болса – Дінмұхаммед Саду. Жетісу жеріндегі былығынан кейін, біраз тоқырауға ұшыраған екен. Мәселен, өткен жылғы жалпы табысы 3 млрд теңгеден асады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір төмен. Төлеген салығы тәп-тәуір, 1 млрд-қа жуық. Ад сорақысы бүгінге дейін 300-ге тарта тендерді иемденген.

Жалпы жетісулықтар Амандық Ғаббасұлын жек көрмейді. Себебі сол басқарған жылдары мемлекеттен қызметкерлерден бастап журналистерге дейін пәтер алды. Жаңа ықшамуадндары бой көтеріп, бірнеше заманауи құрылыс нысандары есік ашты. Талдықорғанның сәні кіріп, тұрғындардың әлеуметтік деңгейі көтерілді. Сондықтан да болар жабылу қазанның жабулы күйінде қалғаны...

Жағдайы мүшкіл жаңа үйлер

204 үйдің ішіне кірсеңіз, бұрыш-бұрышта құс пен иттің боғы шашылып жатады. Мүнкіген жаман иіс қолқаны қабады. Кейбірінің есік-терезесін сынған, ұрланған, жылу желілерінің дені істен шыққан. Шатыры шұрық тесік, қатты дауыл кейбірін жұлып әкеткен секілді. Одан да сорақысы екінші қабаты адамның нәжісіне толы, кәдімгі дәретханаға айналып кеткен. Құстың қауырсындары, жүн, сынған бөтелке, ескі киім-кешек жатыр. Үйсіз-күйсіз маскүнемдердің паналағаны көрініп тұр. Тұрғындар бос үйлерге жастар сауықкешін ұйымдастырып, білгенін істейтінін айтып отыр.

Қаңыраған үйлерді көрсем қаным қайнайды. Айналада қаншама адам үйсіз-күйсіз жүр. Соларға басыбүтін берсе, өздері жасап алады ғой. Қала әкімдігіне талай рет барып, өзім-ақ үй соғып аламын, кішкентай жер беріңдерші деп жалындым. Міз бақпады. Мен сияқты қаншама көпбалалы ана пәтер жалдап жүр. Осы қалпымен соларға берсе, ретін қылады. Неемес жөндеп, табыстасың. Ескерткіш секілді көзге оғаш тартып, қаланың сәнін құртып тұр. Түнде небір қаңғыбастарды көреміз. Ішінде музыка ойнап жатады. Өздерін көргендей, қоқысқа толып кеткен. Немерем жылан мен шегірткені көріп, шошып келді. Сапасы өте нашар болса да, біз күнелтіп жатырмыз, басқа қайда барамыз, - дейді көпбалалы ата-ана Ардақ Қуанышбайқызы.

Оның айтуынша, нысанның қабырғасы сип-панельден тұрғызылған, өте жұқа. Дауыл соқса азынап кетеді. Тіпті тышқан кеміріп, кейбір жерін тесіп тастаған. Үйді мемлекет 14-15 млн-ға бағалап отыр. Алайда желмен бірге теңселген үйге тұрғындар оңдай қаржы бергісі жоқ. Тіпті кейбірі жалдама ақысында төлеуден бас тартқан. Қабырғасын қаттырақ ұрсаңыз, сөгітіліп кетеді.

Ал іші мүлде көпбалалы отбасына арналмаған. Сырттан зәулім сарайдан болып көрінгенімен, іші өте тар. Үлкен отбасына өте ыңғайсыз. Әйтеуір жоқтан жақсы деп отыр ата-аналар. Нөсер бүркіп, қатты жауса қабырғаны жағалап төбеден су ағады. Құрылысшылар шатырды жөнді жаппаған. Кейбір жерлері шұрық тесік.

8 баланы тәрбиелеп отырған Айнагүл Тоқпанбетова астанаға дейін барып, осы мәселені Үкімет басына жеткізген. Депутаттар бас изеп, қолға алатынын айтқанымен жұмған аузын ашқан ешкім жоқ. Шенеуніктердің өздері өзара әмпей-жәмпей дейді кейіпкеріміз. Дауыл көтеріп кеткен шатырын әлі жаба алмай жүрген ананың жаңайқайы біздің де қабырғамызға батты.

Қабырғаға шеге тұрмайды, бірнәрсе ілмек тұрмақ, сүйкеп қоюға қорқамыз. Ішкі есіктер әрең ашылып жабылады. Әйтеуір қазақбайлыққа салынып, ілдебайлап тұзақпен орап, болдпен бұрап, жиһаздарымызды қойып қойдық. Балалар үйдің ішінде мысықтабандап жүреді. Әйтпесе құлап қалардай қорқады. Жергілікті билік үйді өз жауапкершілігіне алудан бас тартып отыр. Ешқандай нақты құжат жоқ. Жалдама ақысы жыл сайын өзгеріп тұрады. Біржылдары 20 мың теңгедей төлегенбіз.Үнемі келісімшарт жасап отырамыз. Ертең құлап қалса кінәлі өзіміз болғалы тұрмыз,- дейді көпбалалы ата-ана.

Заңсыз берілген пәтер көп

Облыс орталығында мыңдаған пәтер заңсыз берілгені мәлім. Ол тақырып әлі де өршіп тұр. Үй иелері жергілікті билікпен соттасып жатыр. Ал бір басына бірнеше үй алып алған шенеуніктердің жартысы қайтарса, жартысының жайы әлі де белгісіз. Мәселен, бұл қатарда әкімдік қызметкерлері, антикор, ҰҚК, сот, спорт пен өнер саласының адамдары, журналистер де бар. Антикор араласқан соң, жергілікті шенеуніктердің туысқандарына немесе таныстарына таратып бергені анықталды. Облыс орталығында 2013-2021 жылдар аралығында мыңнан астам тұрғын үй заңсыз берілген. Ол ол ма, жергілікті шенеуніктер 400-ге тарта пәтерді құжатсыз рәсімдеп алған. Солардың қатарында «Береке» коттеджінде орналасқан баспаналар да кездеседі. Тексеріс барысында, жауапты мамандардың 500 млн теңгені жымқырғаны дәлелденді.

Заңды белшесінен басу Баталовтың тұсында ерекше жүрді. Жергікліті шенеуніктер 2-3-тен үй алып, оны жалға беріп отырды. Ол үйлер мүмкіндігі шектеулі жандармен әлеуметтік осал топ өкілдеріне тиесілі еді. Бұл істе «Болат Назарбаевтың» да қолтаңбасы бар. Амандық пен Болаттың жақындығын ел көріп жүр. Ал «ПМК-7К»-ның Баталовтың ұлына тиесілі екені нақты. Баласы досына аударып, өзара астыртын әрекет етіп отырады. Оқыған адамдар, заңды қалай айналып өтіп кету керек екінін жақсы біледі. «ПМК-7К» бордюр шығарады, ал облыста жылда бордюр төселетіні сондықтан. 20 жыл кезекте тұрған халық әлі де пәтер таппай дал болып жүр. Ал біздің шенеуніктер қос-қостап үй алып, жағдайын жасап отыр,- дейді журналист Дина Балқаш.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Береке» қалашығын салу осыдан 13 жыл бұрын жоспарланған. Жалпы құны 20 млрд-тан асатын қалашықта 700-ге тарта үй тұрғызулыу көзделген. Оның ішінде инфрақұрылым да бар. Дегенмен жоспар кейінге шегеріліп, Баталов әкім болған соң қайта қолға алынады. Сөйтіп 8 млрд теңге қарастырылып, бір жылдың ішінде 155 үй бой көтерген. Сөйтіп бұл пәтерлерді кезекте тұрған тұрғындармен қатар, банкте салымы бар отбасыларда алуға құқылы болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге, көпбалалы ата-аналарға үлестіреді. 2018 жылы қоныс той өтіп, халық бір мәре-сәре болған. Бір ай өтпей жатып, тұрғындар сапасыз салған құрылыс жұмысына наразылық білдірді. Көгерген қабырға, ретсіз қағылған қарағайлар, өшіп қала беретін көгілдір отын тұрғындардың уайымы айналды. Ол аздай ыстық судан сасық иіс шығады. Сондықтан тұрғындар пайдаланбайды. Көбі арнайы бойлер орнатқан.

Мына үйлер көп ұзамай қайта жөндеуді талап етеді. Шатырын қайта жабу қажет. Көгерген қабырғалардан жаман иіс шығады. Сырыстың иісі балаларға зиян. Қала әкімдігіне қаншай атсақта, ешқандай шара қолданған емес. Мен «Айналайын» балалар үйінің түлегімін, Оншақты жыл кезекте тұрып, осыдан жыл бұрын «Берекеден» баспана алдым. Ал оның жайы осындай. Үкімет басына хат та жаздық, бірауыз жауап келмеді. Өзіміз кем-кетігін жөндеп алдық. Бірақ әлі де жөндейтін жері жетіп артылады. Қабырқалары жұқа болғандықтан әлі жөндеп, қаптау қажет,- дейді Алтыншаш Берісбаева.

Қыста құбыры жарылады

Ең ауыры қыста құбырлар жарылып, тұрғындар әбігерге түседі екен. Содан тұрғындар амалсыз өз ақшаларына техника жалдап, жерді қаздырып, жылу желісін жамаған. Ал өздері жөндесі айыппұл арқалайтыны тағы бар. Жергілікті биліктің әрекетіне көңілдері толмайды.

Өзіміз құбырды жөндеген соң, қала әкімдігі айыппұл саламыз деп айқайқа басты. Оны аға-көкелеп әрең тоқтаттық. Оларға салсақ үсіп отыра беруіміз керек екен. Былтыр қыста тағы да жарылды. Екі апта жаурап отырдық. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарлассақ бір-біріне сілтейді. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетті. Кейіннен авариялық қызметті шақырып, құбырды жөндетіп алдық. Оны қойшы, екі айда аққан судың бағасы 1,5 млн теңгеге болып, оны бізге төлетпекке оқталды. Ол да басылды. Дегенмен су бірде бар, бірде жоқ. «Қарыздарың бар» деп үнемі өшіріп кетеді. Әбден басынып алды. Амал жоқ көніп отырмыз, - дейді қалашық тұрғыны Қанат Тілеубеков.

Дегенмен, бұл мәселе әлі шешімін таппады. Ал облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған тақырып төңірегінде осы күнге дейін бірауыз сөз айтқан емес.

​Аталған мәселе бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде «ПМК-7К» ЖШС-мен арадағы келісімшарт біржақты тәртіппен үзілдген.Келісімшарт бұзылғаннан кейін Жетісу облысының арнайы прокуроры бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша жауапты мамандарды тергеді. Қазіргі күнде аталған өзекті мәселені оңтайлы шешу мақсатында аяқсыз қалған жұмыс түрлерін қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп, ақау актісі жасалынып, жұмыстарды толық аяқтау үшін мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жарияланды. Конкурстық рәсімдердің нәтижелері белгілі болды. Күзде жөндеу жұмыстары басталады,- дейді жауапты маман Радик Идрисов.

​ Күзде келіп қалды. Аталған жұмыс барысын біз де тағы бір саралап өтетін боламыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы