Талдықорғанда жаңа үйлердің қабырғасы жарылған

Облыс орталығында бой көтерген жаңа тұрғын үйлердің қабырғалары шытынауда. "Құлагер" шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің сылағы түсіп жатыр. Тұрғындар үрейленіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа баспананың кілтін алған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. "Үй орнына үрей сатып алдық" деп өкінген халық жергілікті билікке наразы. "Құлагер" шағын ауданындағы №3 және №29 көпқабатты үйлер стандартқа сай салынбаған. Жаңа көпқабатты үйлердің қабырғасы сөгіліп, сылағы құлап жатыр. Бұл мәселе қабырғаның жұқалығынан не болмаса құрылысқа кеткен қаржының үнемдегеннен туындауы мүмкін.

Бір үйдің іргесі сөгіліп жатса, екіншісінің электр қуатын есептегіштері өртенуде. Біз балаларымыз үшін уайымдаймыз, тіпті есіктен аттап шығаруға қорқамыз. Қабырғалардағы ақау ұлғайып, оның әп-сәтте қирамасына кім кепіл?! Үйлерді енді тұрғыза бастағанда бәрін сапалы жасау керек еді, әйтпесе, мынадай жайттарға тап болмайтын едік. Мына үйге жөндеу жұмыстарын жүргізсе де оның қалыпқа келе қоярына күмәнім бар. Халық маңдай терімен жиған қаражатына баспана алса, ол ақша міндетті түрде ақталуы керек, - дейді қала тұрғыны Ақсезім Жайықбекқызы.

Өткен жылы өңір көлемінде 371 930 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары.

Жоғарыда аталған мәселеге қатысты "Жаркен Алғыр" ЖШС-ның өкілі Бекасыл Отарғали баспаналардың жай-күйімен танысып, жарылған қабырғалардың қауіп төндірмейтінін түсіндірді. 

15-ші ақпанға дейін жарылған қабырғаны сылап, ушыққан мәселелерді ретке толықтай келтіреміз, - деді Отарғалиев.

Қала әкімдігі халықты сабырға шақырып, жағдайды қатаң назарда ұстайтынын әрі жайтты бақылауға алғанын хабарлады.

Жасын Айман

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы