Талдықорғанда үйге газ қосу құны 650 мың теңге

Қаланы табиғи газбен қамту үдерісі 100%-ға жуықтады. Көгілдір отынды тұрғын үйге тарту мәселесі шешілмеген. Бағасы өте қымбат, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетісу облысының орталығын газбен қамту жұмыстары Алматы облысы кезінен бастау алған еді. Осыдан 6 жыл бұрын ұзындығы 1000 шақырымнан асатын газ құбырлары жүргізіліп, бүгінде шаһарды көгілдір отынмен қамту 90,3%-ға жетті. Нақтырақ айтсақ, 38 мыңға тарта абонент немесе жалпы тұрғынның 69%-ы газ желісіне қосылып үлгерді.

Биыл қала іргесіндегі Мойнақ елді мекеніне 23 шақырымнан асатын газ құбыры тартылмақ. Бұл сол ауылда тұратын 200-ден астам отбасының толық газбен қамтылуына жол ашады. Облыс орталығында газ желісіне қосылмаған көпқабатты үйлер бар. Олардың жұмысы келер жылы толық аяқталады, - дейді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, осы жылы «22а іске қосу кешені» жобасы аясында 780 үйді газ желісіне қосуға мүмкіндік беретін газбен жабдықтаудың 2 жобасын жүзеге асыру мақсатында 610 газ жәшігін орнату қарастырылған. Оның 510-ы «Жастар 1/1», Солтүстік-Батыс, Шығыс және Батыс тұрғын үй ауданы мен Еркін ауылы, Көктал тұрғын үй алабына орнатылды.

Газ қосайық деген едік, жұмысшылар 650 мың теңге сұрады. Биыл қосып алуға тырысқанбыз, банктен несие де шықпай қойды. Қайта отын жағып отырмыз. Осы үйге тартып алуға шамалы жеңілдік жасаса, немесе бөліп төлеуді енгізсе, дұрыс болар еді. Қыс басталғанда тіпті 1 млн теңге болады деген әңгіме жүр. Бірден ондай қаржыны тауып бере алмаймыз. Қаншама отбасы іргесіне келген газды үйіне кіргізе алмай қиналып отыр. Әкімдік арнайы тапсырма беріп, бағасын азайтса дұрыс еді. Әйтпесе одан ешқандай пайда болмайды, - дейді қала тұрғыны Али Нұрбол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы