Талдықорғанда үйге екібасты жылан кіріп кеткен
Талдықорған маңындағы "Қызыл тас" саяжай алабының тұрғындары күтпеген қонақты қызу талқылап жатыр – олардың үйіне екібасты жылан кіріп кеткені туралы хабар тарап, сирек кездесетін бұл жәндіктің видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үйге тура екібасты жыландар кіріп жатыр, - делінген бейнежазба сипаттамасында.
Кадр сыртындағы бойжеткендер:
Мама, қарашы, сен айтқан жылан. Міне, бір басы, ал мынау екінші басы, - деп түсініктеме береді.
Бейнежазбада шынымен де екі басы барға ұқсайтын жылан көрінеді – бірі әдеттегі жерде болса, екіншісі денесінің қарсы жағында орналасқандай әсер қалдырады.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді: біреулері бұл – табиғи мутация десе, енді бірі – бұл жай ғана оптикалық алдау деп санайды.
Кейбір пікірлерге сүйенсек, "екінші бас" дегеніміз – жыланның құйрығы, оның пішіні мен түсі басқа ұқсайтындықтан, жаңсақ әсер береді. Мұндай құбылыс "құйрықтық мимикрия" деп аталады және ол жыртқыштардан қорғану үшін қолданылады.
Басқалары жыланды Орта Азияда кездесетін кәдімгі құмды удав деп таныды. Ол – улы емес, егер мазаламаса, адамға қауіп төндірмейді. Мүмкін, жылан су іздеп келген болуы да ықтимал.
Үшінші топтағы қолданушылар үрейленіп, таңданыстарын жасырмады:
Құдайым-ау, бәріңізді сақтай көр!
Мұндай жыланды алғаш рет көруім.
Талдықорған Австралияға айналып бара ма, не өзі? - деген ойларымен бөлісті.
Ақыры барлығы мұндай қонақпен кездесу – аса жағымды емес деген пікірлерін жазды.