Талдықорғанда ұры дүкенді тонап, өртеп кетті
Талдықорғанда дүкендердің бірінде белгісіз ер адам дүкенді өртеп жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Желіде тараған бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеода қара киім киген ер адам рюкзагынан оттық алып, бір затты тұтатып, оны тауарлар жатқан төменгі сөреге тастағаны көрінеді.
Оқиғаға Жетісу облыстық ПД пікір білдірді.
Талдықорғанда мүлікті тонау мен қасақана жою туралы арыз бойынша полиция қылмыстық із қозғады. Күдікті бірден ұсталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, - деді облыстық полиция департаменті.
Дүкеннің түгі қалмай жанып кеткен. Ал келтірілген шығынның болжалды сомасы – 30 млн теңгені құрайтыны айтылуда.
Дүкеннің көпбалалы әйелге тиесілі екендігі белгілі болды.
Қылмысты жасады деген күдікті қолға түсіп, қылмыстық заңнаманың екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ведомствоның айтуынша, қылмыстық істі тергеу ерекше бақылауға алынған.