Талдықорғанда түнгі велошеру өтті

Облыс орталығында тұңғыш рет тұрғындар арасында түнгі велошеру жарысы өтті. Сайысқа қала әкімі Ернат Бәзіл де қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спорт денсаулық кепілі екені аян. Жастар жағы осындай қызықты да әсерлі спорт бәсекесін көптен күткен еді. Осы ретте қала әкімдігінің қолдауымен «Біз есірткіге қарсымыз» акциясы шеңберінде түнгі велошеру байқауы ұйымдастырылды. Қала басшысы Ернат Бәзіл де қатысушылар қатарынан табылып, жастармен бірге бәсекеге түсті.

Біз бір қаланың тұрғыны ретінде бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл жарыс әкімдік пен қарапайым халықтың бір-біріне жақындастыра түседі әрі жастарды салауатты өмір салтын ұстануға жол көрсетеді. Мен қашанда осы халықтың қатарынан көрінгенді жақсы көремін. Небір талантты жастар бар. Соны көзіммен көріп қайран қалдым. Алдағы уақытта осындай қызықты сайыстар жиі өтіп тұрады, - деді Е.Бәзіл.

Жалаири даңғылынан бастау алған түнгі велошеру Жеңіс саябағында түйінделді. Екі көше арасы 9 шақырымды құрайды. Оған 200-ден астам адам қатысты. Нақтылап айтсақ, кәсіби велосипедшілер, мемлекеттік қызметкерлер және қала тұрғындары да белсенділік көрсетті.

Сайыс соңында қала әкімі барша велошеруге белсенді қатысқан қауымға алғысын білдіріп, қаламызда бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысып жүрген жастардың көптігіне қуанатындығын жеткізді.

Сондай-ақ бүгінгі велошеруге «BIKE TEAM», «Velopark.tdk», «Velofiends» және Velotrveltekeli велосипедшілер қауымдастығының өкілдері белсенділік танытып, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Оған қоса, шеруге қатысушылар арасында лоторея ойындары ойнатылып, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Тұрғындар қала әкімімен бірлесіп естелік суретке түсіп, алғысын жаудырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы