Талдықорғанда «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы өтті

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен салтанатты шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген 30 шақты отандық тауар өндірушілер қатысып, өнімдерін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сондай-ақ аталған шарамен қатарлас «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша да облысымыздың кәсіпкерлері өздері өндірген тауарларын сөрелерге қойды.

Көрме сөрелеріндегі құрылыс бұйымдары мен ауыл шаруашылығы және электротехникалық өнімдер, медициналық құрал-жабдықтар мен тұрмыстық жиһаздар, зергерлік бұйымдар, киім-кешек пен аяқкиімдер, ет, сүт, жұмыртқа өнімдері мен ұлттық тағам түрлері, қағаз өндірісі көрмені тамашалауға келгендердің жоғары бағасына ие болды.

Көрме кезінде қонақтар тауарлар мен қызмет түрімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Шара барысында үздік кәсіпорындар анықталды. Байқау қорытындысына сәйкес «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында 1-орынды «Алацем» ЖШС, 2-орынды «Алматы бояулары» ЖШС, 3-орынды «LKZ ZHETYSU» ЖШС иеленді.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «JLC Сүт» ЖШС үздіктердің қатарынан көрініп, «Лепсі өнімдері» ЖШС 2-орынға ие болды. «Хакимова» ЖК 3-орыннан көрінді.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында «Elite Baby Production» ЖШС 1-орын, «Строитель» 2-орын, «Келгембаева Ж.К.» ЖК 3-орынға қол жеткізді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары да құрметке бөленіп, сыйлықтар табысталды.

Ендігі кезекте жеңімпаздар облыс атынан Елорда төрінде өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы