Талдықорғанда «Jetisu IT-Hub» ашылды
Талдықорғанда Жастар ресурстық орталығы жанынан «Jetisu IT-Hub» ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Астана Хаб» және Жетісу облысы әкімдігімен бірлесе атқарылған жоба.
Орталықтың ашылу салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі мұндай орталықтардың жастар үшін аса маңызды екенін айтты.
Бұл біздің алғашқы жобамыз және ол Жетісу жерінен бастау алып жатыр. Президент жастарға үлкен мән беріп, қамқорлық жасап келеді. Таяуда Мемлекет басшысы Жастар саясаты туралы заңға қол қойды. Ол бойынша жастар санаты 35-ке дейін ұлғайтылғанын білесіздер. Жастар саясаты туралы тұжырымдама қабылданды. Жалпы, жастарға арналған «Jas project» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» секілді жобалар ұландардың дамуына ерекше серпін береді, - деді министр.
Жастар саясаты туралы тұжырымдамаға сай, цифрлық сауаттылық бойынша өңірлердегі 1,5 млн жасты оқыту жоспарланып отыр.
Жастар орталығы жанындағы «Jetisu IT-Hub» та осы межені орындауға қажет. Хабта жастар өз стартаптарын жасап, кәсіпкерлік жобаларын бастайды.
Бұдан бөлек, Sumsung компаниясының қолдауымен «Sumsung Innovation Campus» кабинеті ашылған. Кампуста 15 жас азамат білім алып жатыр. Қазіргі жастар тенденциясына сәйкес no code бағдарламасы арқылы жоба жасауда.
Министр жастарға сәттілік тілеп, орталық мен IT-hub жаңа таланттарға жола ашады деген сенім білдірді.