Талдықорғанда ерекше күтімді қажет ететін бала жоғалып кетті
Жетісу облысы полиция департаменті тұрғындарды баланы көрген немесе оның орналасқан жері туралы ақпарат білетін жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласуға шақырды.
Талдықорғанда 2019 жылы туған ерекше күтімді қажет ететін бала жоғалып, полиция мен төтенше қызметтер ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полицияның мәліметінше, 25 мамыр күні сағат 19:50-де «102» арнасына кәмелетке толмаған Данияр Айбектің жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Бала шамамен сағат 19:30-да үйден шығып кеткеннен кейін қайтып оралмаған.
Баланың белгілері: бойы шамамен 120 см, үстінде Өрмекші адам бейнеленген ақ футболка, қара трико және көк сланцы болған.
Іздеу жұмыстары Шығыс шағын ауданында басталып, кейін кеңейтілген. Оған полиция қызметкерлері, кинологиялық қызмет, ТЖД бөлімшелері және еріктілер жұмылдырылған. Құтқарушылар аулаларды, маңайдағы аумақтарды, Қаратал өзенінің бойын және бос жерлерді тексеріп жатыр. Сондай-ақ іздеуге тепловизор орнатылған дрон тартылған.
Жетісу облысы полиция департаменті тұрғындарды баланы көрген немесе оның орналасқан жері туралы ақпарат білетін жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласуға шақырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, әрбір минут аса маңызды.