Талдықорғанда ерекше форматтағы жарыс өтті
Мәдениет және спорт министрлігінің кубогы. Дәл осындай атаумен Талдықорғанда жасөспірімдер арасында ерекше форматтағы жарыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Хабар 24 жазды. Яғни, еліміздегі спорттық мектеп-интернат шәкірттері 5 бірдей олимпиадалық бағытта өзара мықтыны анықтады. Яғни, жарыс бағдарламасында бокс, дзюдо, таэквондо, грек-рим және еркін күрес бар.
Жарысқа 17 білім ордасынан 500-ге жуық өрен қатысты. Нәтижесінде, жалпы есепте Астана құрамасы топ жарды. Айта кету керек, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат спортшылары осымен 2-ші жыл қатарынан бас жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті Жетісу және Жамбыл облыстарындағы мектеп-интернат командалары түйіндеді.
Бұл бәсекелер балалардың шеберлігін одан сайын шыңдап, жан-жақты тәжірибе жинауына жақсы мүмкіндік дейді мамандар. Бұған қоса, қаржылай ынтатандыру сыйлығы да бар. Жарыстың жалпы жүлде қоры биыл 10 миллион теңгені құрады.