Талдықорған бюджетіне қатысты күтпеген қателік анықталды: Жылу желісіне 85,1 млн теңге артық бөлінген
Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жоба бойынша жұмыс құнының негізсіз ұлғайтылғанын анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетіліп, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне талдау жүргізді.
Талдау барысында Талдықорған қаласындағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасы зерделенді.
Сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде алынатын асфальтобетон массасын есептеуде қате жіберілгені, атап айтқанда, алынатын қабаттың қалыңдығы ескерілмегені анықталды.
Нәтижесінде шығарылуға жататын қалдықтардың массасы нақты 5 273,7 тонна орнына 105 474 тонна көлемінде көрсетілген, яғни 20 есеге артық есептелген.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік берді.
Жалпы облыс бойынша прокурорлық қадағалау шараларымен бюджет қаражатының 1,2 млрд теңгеден астам негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Жетісу облысының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және негізсіз шығыстарға жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.