Талдықорғанда абаттандыру жұмысы жүрмеген үйлер бар
Талдықорғанда кейбір көпқабатты үйдің абаттандыру және ойын алаңын жөндеу жұмыстары жүрмеген. Тұрғындар қала әкімдігіне өкпе-арызын айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс орталығында кейбір ескі үйдің ауласында абаттандыру жұмысы жүрмеген. Кезінде салынған көпқабатты баспаналардың алдында балалар ойнайтын алаң да жоқ. Бұған шыдай алмаған тұрғындар өз қаржысына шама-шарқынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүр. Мәселен, Қабылиса жырау көшесінде орналасқан 213-215-ші көпқабатты үй айналасын көркейту жұмыстары жасалмаған. Кішкентай бүлдіршіндерге арналған алаң да жоқ. Қаратал шағын ауданындағы 61 үй де осындай күйге түскен.
6-шағын ауданындағы 5-6-7-8 баспаналардың алдындағы балалар алаңы тозып кеткен. Тұрғын үйдің салынғанына көп болмаса да қазіргі жағдайын көрсеңіз адам шошиды. Футбол алаңының төсеніші желмен бірге ұшып жүр. Тіпті балалардың басына түскен кездер де болды. Былтыр жөндеуге кіріскен еді, бірақ істі соңына дейін жеткізбей тастап кетті. Әлі бығып жатыр, - дейді қала тұрғыны Айгерім Ізтілеу.
Ескі шағын аудандардың кейбір шағын көшесінде жарық жанбайды. Тіпті көлік кіретін жолдардың ой-шұңқырына қараңғыда адам сүрініп жығалады. Тұрғындар қараңғы түскенде дүкенге телефонның жарығын жағып баратынын айтуда.
Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауды ойлау қажет. Әуелі аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Қала әкіміне Талдықорғанда көгалдандыру жұмыстарын жалғастырып, қатаң жеке бақылауға алуды тапсырамын, - деген еді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.
Бүгінде абаттандыру жұмысымен айналасатын мердігер компаниялармен қала әкімдігі соттасып жатыр. Алдағы уақытта іс оңынан шешіледі деп ойлаймыз.