Талдықорған жолдарына халық назары

Жылыту маусымына дайындық барысында қазылған көше жолдарына төселген асфалть қала тұрғындарының наразылығын тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығында биыл ондаған көше қазылып, жылыту желілерін жаңғырту жұмыстары істелді. Жаз бойы қыстың қамын ойлаған сала мамандары құбырларды ауыстырып, ескірген материалдарды жаңартты. Дегенмен көшені қайта қалпына келтіру жұмыстары шала жүргізілген. Оны талдықорғандық тұрғындар айтып отыр.

Қабылиса жырау көшесі, Абай көшесі, Жансүгіров көшесі қазылып, қайта ретке келтірілді. Бірақ сол жолдарға асфалть төселгенімен, бұрынғыдай тегіс емес. Жолдың беті ойыққа толы. Көліктер жасалған жолдарды айналып өтуге мәжбүр. Мәселен, жамалған тас жолдардың сапасы сын көтермейді. Оны барлық талдықорғандық айтып жүр, - дейді қала тұрғыны Айдос Маңғытбаев

Бүгінде Талдықорғанда жолдарды ретке келтіру жұмыстары толығымен аяқталған. Шаһардың солтүстік-батыс тұрғын ауданында жолдарды жөндеу, ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жолдарды жөндеуге жауапты мердігер ұйым «РСУ-1» ЖШС айналысқан.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған аймақта жалпы ұзындығы 23,7 шақырым болатын 45 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілген. Бүгінде аталған компания жұмысын аяқтаған.

Үнемі осылай жасайды. Былтыр да бірнеше көше жолдарын бұзып, қайта қалпына келтіргенде біраз шикіліктер шыққан. Біз қала әкіміне бірнеше рет айтқан болатынбыз. Өкінішке қарай, әлі де жолдар жөнделер емес, - дейді қала тұрғыны Амангүл Ескенбаева.

Айта кетейік, 2021-2022 жылдар аралығында 10,3 шақырымды 24 көшеге және 8,8 шақырымды 13 көшеге қиыршық тас төгілген. Өткен жылы 7 шақырымды құрайтын 8 көшеге асфальт жабындысы төселген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы