Талдықорған зейнеткерлердің қаласы ма?
«Бір түсті үйлер, ойылған жолдар, көгалдандыру жұмыстарының төмендігі, қоқыстың көптігі шағын шаһардың шырайын бұзып тұр», деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Жоғарыдағы сауал ертеректе қаланың келбетіне қарап қойылған еді. Әйтсе де бүгінде тұрғындардың пікірі кө өзгере қойған жоқ.
Жарығы ерте сөнеді
Талдықорған ұйқыға ерте батады. Үлкен қалалар секілді таңға дейін қызық қуатын жастардың қарасы аз. Тек 3-4 ойын-сауық кешендері ғана түнгі 2:00-ге дейін ашық болмаса, қалғаны сағат 23:00 есігін құлыптап алады. Оның үстіне қыдырып барар қызықты жерлер де өте аз, тек қала сыртындағы табиғатпен тыныстаймын демесеңіз. Содан да болар, «Талды-парижді» дені ардагерлер мен зейнеткерлердің қаласына балайды. Бірақ бұл пікірге қала зейнеткерлерінің көзқарасы басқа.
Талдықорған – Алматы облысының орталығы болғаннан кейін ғана көркейді, оған дейін жарық та болмайтын. Мұнда бұрынғы әкім Шалбай Құлмахановтың еңбегі зор. Ел арасында «Шалбайдың жегені адал» деген сөз тараған. Кейіннен түрлі әкімдер келіп өзінше өрнектегендей болды. Ал қазір қала келбеті бұзылып барады. Қоқыс та көлік те көбейді. Шағын көшелердің жолы өте нашар әрі тар. Жаңадан салған үйлердің дизаины бір-бірінен аумайды, өз үйінді таба алмай дал боласын, - дейді зейнеткер Кеңес Рақыш.
Үй дегеннен шығады, соңғы 5 жылда қалада 6-шы,7-ші, 8-ші, 9-шы шағын ықшамаудандары пайда болды. Зәулім-зәулім тұрғын үйлер салынды. Бірақ бәрінің түр-түсі бірдей. Құдды зауыттың кәмпиті секілді бір-бірінен аумайды. Бұл жөнінде журналистер Жетісу облысы жеке отау болмай тұрып, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовқа айтқан еді. Облыс басшысы қала әкімінен мәселенің мәнін сұрағанда, 5 жылдық жоба бекітіліп кеткенін айтып, қолдан келер ешқандай қайла жоқтығын жеткізген. Содан бұл әңгіме арыға бармады. Шынында жаңа шағын аудандарды ажырата алмайсыз, бала түгіл, үлкен кісілердің өзі шатасып қалады.
Қоқысы көп қала
Енді қоқыс мәселесіне келетін болсақ. Бұл да соңғы уақытта қаланың өзекті проблемаларының бірі. Байырғыдай емес, гүл егіп, көгалдандыру жұмыстары сейілді. Тіпті, халық көп жүретін «Жастар» саябағы да тозып барады. Субұрқағы бұрынғыдай жұмыс істемейді. Көшелердің дені темекенің тұқылына, салафан мен бөтелке қалдығына толы. Мұны қала тұрғындары да жасыра айтуда
Қаладағы 19-шы мектептің айналасы толған қоқыс. Адам аяқ алып жүре алмайды. Оқушылар айналып өтеді, тіпті тар көшеге елдер көлігімен келіп алады. Биыл ғана жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның өзі басы бар, аяғы жоқ, толық істемеді. Әлеуметтік желіде осы мәселе қанша рет талқыға түссе де әкімдік тарапынан ешқандай реакция болмады. Қайткенмен бала оқитын білім ордасы, сыртындағы ағаштарды әдемілеп кесіп, ескі әткеншекті алып, қоқыстан тазалап, кеңітіп қойса болады ғой. Қанша жыл болды, қала басшысының бірі келген емес, - дейді қала тұрғыны Амина Алтынбекова.
Қаланың орталық базары да қолайсыз жерде орналасқан. Көлік кептелісі жиі болып тұрады. Дегенмен шағын шәріге біртүрлі жарасмайтын әрекет сыңайлы. Көлік тұрағы жоқ болғандықтан, жолдың жиегіне қатарласы көлігін қойған жүргізушілер жаяу кісілердің жолын жауып тұр. Ал маңайы қоқысқа толы.
Көңілде үміттен күдік басым
Талдықорған қаласы облыстық статусынан айырылған кезде судан қалған егіндей сиреп қалған қала тұрғындары жұртта қалғандай күй кешкенін әлі ұмыта қойған жоқ. Қадыр ағамыздың «Айран болып ұйып келе жатып, сүт болып төгіліп қалады»деген сөзі бар. Сүт болып төгілгенді көрдік. Үйлер құнсызданып, жұмыссыздық белең алып, ғимараттар қирап, түнде тұрмақ күндіз көшеде жүру үрей туғызған кезеңді қалай ұмытарсың. Бұл жолы бірігу емес, бөліну. Біріккенде де айрандай ұйып, көсегеміз көгеріп, шалқып кеткеніміз шамалы. Жеміс ағашындағы жеміс бермейтін бұтақ сияқты «жайқалып» тұрдық. Дегенменде «Ордалы құлан ақсағын білдірмейді» деп әйтеуір орданың ішіндеміз деп өзіміздік алдаусыраттық. Өйткені өңіріде бірде бір ірі өнеркәсіп салынбады. Талдықорған қаласында аттап кетсең дүкен, таяқ лақтырып қалсаң дәмхана. Сауда үйлерінің санынан жаңыласың. Алақандай қалада «алың-алың» деп тұрған бірнеше базар. Жеке облыс болдық. Не өзгерді?
Көңілде үміттен күдік басым. Бүгінгі билік жақсы өзгерістер жасайды дегенге сенгің келеді. Бірақ, бір жарым жылда әкімшілік ғимаратын жөндеп бітіре алмай жүрген билік басқаның проблемасын қалай шешеді. Сырттан қонақтар келсе қаланы аралатып әсем табиғатымен, көшелердегі сан алуан гүлдерімен мақтанатын едік. Биыл гүлдер мүлдем жоқ, шөптер шілде келмей сарғайып кетті. Арықтардағы су тартылып, ағаштар қурап жатыр. Қала әкімі қатындарды қабылдап, ешқашан шешілмейтін проблемаларды тыңдаудан басқаға уақыты жоқ. Содан болар болашақта Талдықорған зейнеткерлердің қаласына айналады деген жорамал көпшіліктің арасында жиі айтылып жүр. Солай болуы әбден мүмкін. Түнгі клубтардан басқа жастарға не ұсына аламыз. Қалада бірнеше колледж бар. Жалғыз университетте қаншама жастар білім алып жатыр. Солар диплом алғаннан кейін қайда барады? Қандай жұмыс орны бар? Мысалы университетте басқасын айтпағанда бір ғана журналистика факултетін жылына 21-23 бала бітіріп шығады екен. Жылына 20 журналисті қабылдайтын ақпарат құралдары қала тұрмақ облыста жоқ. Басқа мамандық бойынша да солай. Яғни жастар басқа жаққа бағын сынап кететіні анық. Ал қаншама бала мектеп бітіріп арман куып кетіп жатыр. Қайтып келетіндері саусақпен санарлықтай. Жастарға байланысты осындай мәселелер өте көп. Сондықтан болашақта Еуропаның «кәрі құрлығы» сияқты «кәрілер қаласы» болып қалуымыз әбден мүмкін. Дегенменде Талдықорған қаласы жаңару мен қайта тірілуді басынан бірнеше мәрте өткізген Феникс құсы сияқты ғой. Жетісудың жақұты саналатын қала құтты мекенге айналатынына сенемін, - дейді зейнеткер Абылай Арғынбаев.
Әкімнің баяндамасы әдемі
Кеше облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында қаланы абаттандыру жұмыстарына да тоқталып кеткен еді. Шынында, есепке үңілсек, облыс орталығын дамытудың маңызды бөлігі – бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру және қаланы абаттандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Шілде айында қала жағажайының іргелес аумағын абаттандыру аяқталады. Жағажайда балалардың уақытын қауіпсіз өткізуге жағдай жасалған. Биыл жалпы ауданы 34,5 гектар болатын «Жеңіс» «Жастар» парктерін жөндеу және абаттандыру жұмыстары аяқталады. Орталық саябақтың ескі бөлігін күрделі жөндеу басталады. Қ.Жалаири даңғылын көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы айда Алдабергенов көшесі бойындағы скверді абаттандыру жұмыстары басталады. Оған 106,4 млн теңге бөлінген, бүгінде конкурс өтуде, - деді Бейбіт Исабаев.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін 21 көпқабатты үйдің шатыры мен фасадтарын жөндеу жоспарлануда, бюджеттен 185 млн теңге бөлінген. Соған сай конкурс шілде айында жарияланады. Жалпы, қаланың орталығында 113 үйді жөндеу қажет етеді екен.
Өткен жылдың қараша айынан бастап қаланың 170 аула аумағында көше жарығы қалпына келтірілген. Биыл 172 аула алаңын абаттандыруға және жөндеуге жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінген. Былтыр 18 аула 715 млн теңгеге жөндеуден өткен екен. Бұл ретте питомниктердің жұмысын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданбақ.
Мәселен, облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының жеміс-жидек питомнигіне 5,5 мың жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылған. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Гаухар ана көшесіндегі жеміс-жидек питомнигінде 3 мың метр автоматтандырылған суару жүйесі салынған. Тамыз айында 20 мыңнан астам гүл мен 2,7 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Өз гүлдерін және көшеттерін өсіру оларды сатып алу шығындарын 60 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Мұнда бір жылдық бұтақтардың бір данасының нарықтық бағасы – 100 теңге, питомниктегі өзіндік құны – 40 теңге.
Қалада суару жүйесін кеңейту үшін 9-шы шағынауданда, Жалаири даңғылынан Ынтымақ ауылына дейін және қаланың орталық бөлігінде жалпы ұзындығы 51,8 шақырым арық желісін жайластыру бойынша 3 жоба әзірленген Оның құны 51,2 млн теңге. Құрылыс келесі жылға жоспарланған, жұмыстың болжамды құны 2,9 млрд теңге.
Күн сайын санитарлық полигонға 50-60 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Талдықорған-Үштөбе тас жолынан 2 шақырым қашықтықта ауданы 24 гектар болатын жаңа полигонын ашу үшін орын анықталды. Қала әкіміне қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жалғастыруды және жеке бақылауға алуды тапсырамын, - деді Исабаев.
Иә, жаңа облысқа артылар жүк ауыр. Қазір ауылшаруашылығына көңіл қойған өңірдің Талдықорғанды баяғыдай безендіруге қауқары жетер емес. Тіпті, жайқалып тұрған гүлдер мен көгалдарды суғаруға ерінеді. Қаланың статистика бойынша 70 пайызы жастар дегенімізбен, оның дені үлкен қалаларға оқуға кетіп, қайтып келмеуде. Осы ретте өңірде білікті кадрлардың аздығыда білініп жатыр. Өкінішті-ақ!