«Талдықорған-Үшарал» газ құбырын салу жоспарлы түрде жалғасуда

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов және «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директоры Манас Тасыбаев «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу» инвестициялық жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы іске асыруда. Жоба Үкіметтің 2024 жылғы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына кіреді.

Жаңа газ құбырының құрылысы осы жылдың тамыз айында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Жетісу облысына жасаған жұмыс сапары кезінде басталған болатын.

Бүгінгі таңда 100 шақырымнан астам құбыр дәнекерленген. Құрылысқа 90-нан аса арнайы техника мен 128 жұмысшы персонал жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары ерекше бақылауда және қатаң түрде кестеге сәйкес жүргізілуде, - деп жазды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов атап өткендей, бұл нысанның өңір үшін экономикалық маңызы зор. Осы маңыздылықты, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының орындалу жылдамдығын ескере отырып, құрылыс бір жылға жуық мерзімге ертерек аяқталады деп күтілуде.

Осыған байланысты 2025 жылдың соңына қарай 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекені табиғи газға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл іскерлік белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша оң әсерін тигізбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы