Талдықорғандағы зауытта жарылыс болды: Үш жұмысшы зардап шекті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Талдықорған қаласында автокөлік шиналарын қайта өңдеу цехы аумағында жарылыс болды.
25 тамызда сағат 03.25-те Алматы облысы ТЖД-не Талдықорған қаласы Медеу көшесінде автокөлік шиналарын қайта өңдеу цехы аумағында сыйымдылығы 5 текше метр (ашық шатыр астында орналасқан), шиналардың вакуумдық пиролизіне арналған резервуарында жарылыс болған.
Одан әрі алаңы 80 шаршы метр, ашық шатыр астында орналасқан бұрынғы пайдаланған шиналар жана бастаған.
Салдарынан цехтың 1962, 1969 және 1977 жылы туған 3 қызметкері зардап шеккен.
Екі ер адамның жағдайы орташа, ал 1977 жылы туған ер адамның жағдайы ауыр. Олардың барлығы Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді, - делінген хабарламада.
Өрт сағат 04:27-де оқшауланып, сағат 04.49-да толығымен сөндірілді.
Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-дан 24 қызметкер мен 9 бірлік техника, қалалық Полиция басқармасынан 10 қызметкер мен 4 бірлік техника, жедел медициналық жәрдем бригадасынан 6 қызметкер мен 2 бірлік техника, су арнасынан 4 қызметкер мен 2 бірлік техника, электр желісінен 4 қызметкер мен 2 бірлік техника шыққан.