Талдықорғанда Жолбарыс биге ескерткіш қойылды

Алматы, BAQ.KZ. Талдықорғанда Жолбарыс бидің туғанына 350 жыл толуына орай еңселі ескерткіші ашылды. Сол сияқты ғылыми-практикалық конференция өтіп, тарихи тұлғаның батырлығын, би-шешендігін, қолбасшылығын кеңінен танытатын қос кітаптың тұсауы кесілді. 

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Қазақстан Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, «Жолбарыс би» қоғамдық қорының төрағасы Омархан Өксікбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Шабдарбаев қатысты.

«Жолбарыс би» қоғамдық қорының қаржысына тұрғызылған ескерткіш Талдықорған қаласының 6-шы шағын ауданында Өнер мектебінің жанындағы ашық алаңға қойылды. Құрметті қонақтар ескерткіштің лентасын қиып, жабуын түсірген соң, құттықтау тілектер айтылды.

Алдымен сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу жерінің батырлар мен ақындардың, би-шешендердің туған өлкесі екенін атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шешімімен Алматы облысының орталығы болған Талдықорғанның қазір өсіп-өркендеген шағына куә болып отырмыз. Оған да биыл 20 жыл толды. Облыстағы іргелі істерге Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев зор қолдау көрсетуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл Жамбыл бабамыздың 175, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткіздік, енді Жолбарыс бидің 350 жылдығын атап өтіп отырмыз. «Жолбарыс би» қорының азаматтары бастама көтеріп, ескерткішті дайындатып, мүсіншілер, құрылысшылар белсене кірісіп, бүгін, міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Талдықорғанның төрінде би бабамыздың ескерткіші қойылды. Бұл – өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға үлгі, тәрбие. Ескерткіш құтты болсын, баба рухы бәрімізді қолдап-қорғап жүрсін, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын, - деді Баталов. 

Өз сөзінде «Жолбарыс би» қоғамдық қорының төрағасы, қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев ескерткішті орнату үшін қорға қаржылай қолдау көрсетіп, бір мыңдай азамат атсалысқанын айтты. Және ескерткішті орнататын орнын белгілеп берген, рухани демеу болған облыс, қала басшылығына да ризашылығын жеткізді. Сол сияқты үлкен жұмыс тындырған сәулетші, мүсінші, құрылысшы мамандарға да алғысын білдірді.

Бүгінгі шараны халқына сая да, пана да бола білген батыр, би, әулие Жолбарыс бабаның рухын жаңғырту деп білемін. Бабаның бүкіл 90 жылдық ғұмыры елдікке, әділдікке деген сүйіспеншілікке толы болды. Оның осы өнегелі өмірін жас ұрпаққа жеткізе білсек, онда бабаны ұлықтаудағы мақсаттың орындалғаны, - деді Омархан Өксікбаев.

Мұнан соң ел Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Шабдарбаев, Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев та айтулы шараның тарихты танудағы, рухани жаңғырудағы рөліне тоқталып, құттықтау тілектерін жеткізді. Сонымен бірге әнші, сазгер Ағайша Исағұлова көпшілік үшін «Жолбарыс бабам» әнін орындап берді.

Мерейтойлық шара Салтанат сарайында ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты. Жиында алдымен Жолбарыс баба жайындағы жазушы, зерттеуші, журналист Талғат Айтбайұлы дайындаған «Аңызбен жеткен абыз», сол сияқты «Жылқайдарұлы Жолбарыс би елінде» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалып, оқырманға жол тартты.

Конференцияда қоғам қайраткерлері, зерттеушілер, тарихшылар, атап айтқанда, Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, Қадырғали би атындағы қоғамдық қордың президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалаири, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев мазмұнды баяндамалар жасап, тарихи деректерге тоқталды.

Алматы облысында зерттеуді қажет ететін, халық болып үлгі тұтатын тарихи тұлғалар өте көп. Солардың қатарында «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» кезеңінде батырлық, шешендік болмысы айшықтала түскен Жолбарыс бидің орны ерекше. Бабамен қатар оның кейінгі ұрпақтарының да түрлі тарихи кезеңдегі өмірі зерттеуге тұрарлық. Көп жайттар халық жадында сақтала бермейді. Сондықтан оны аңыз-шежірелер, деректі құжаттар негізінде жаңғыртып, қайта түлету – біздің парызымыз, - деді Мәмбет Қойгелдиев. 

Жалпы Жолбарыс бидің 350 жылдығына арналған шаралар аясында Көркемөнер галереясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер, Суретшілер одағының мүшесі, журналист, суретші Жанұзақ Мүсәпірдің жеке көрмесі өтеді. Сол сияқты Б.Римова атындағы драма театрында «Аманат» спектаклінің премьерасы болады.

Атап өтсек, ескерткіштің авторлары – Марат Нүсіпов, Жанұзақ Мүсәпір, Бауыржан Жуаспаев. Тұғыры граниттен, ескерткіші – қодадан. Жалпы биіктігі – 10,10 м.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы