Талдыкөл тұрғындары жол азабын тартып отыр
Жол апаты көбейіп, жүріп-тұру қиындаған. Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр. Қолданысқа биыл берілуі керек болған 7 шақырымға жетер-жетпес жолдың жұмысы басталмай жатыр тоқтап қалған. Бұған наразы болған халық жиналып, биліктегілерге талап қойды. Жөндеу аяқталып, жағдай жасалсын дейді олар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдыкөл ауылында 1500-дей тұрғын бар. Көктемгі тасқын кезінде ағын су ауылды қоршап, кірме жолды шайғасын, қазір халықтың елдімекенге кіріп-шығуы қиындаған. Жалғыз бағытпен қатынау мүмкін болмай кетті деп ашынады жұрт.
Ауылдағы кірме жолды көріп тұрған боларсыздар. Сыйқы мынау. Осы жерде басым бөлігі қалаға қатынап, жұмыс істейді. Бірақ жүріп-тұру мүмкін емес. Бір күн жаңбыр жауа қалса, тобықтан саз бен су кешеміз. Көрмейтін азабымыз жоқ. Ауылда ауру адамдар бар. Еміне де бара алмайды. Қатынас жоқ ауылда мүлдем. Әкімдер келеді, кетеді. Желтоқсанның басында береміз деді. Уәде берді. Енді келіп болмайтын болды, келесі жылға қалып отыр дейді. Бұл жолды жөндеп береміз деп айтпаған әкім жоқ. 10 жыл болды бос сөзге тойып жүргенімізге. Ауылдағы халықты ешкім ойламайды. Келгенде жасырып жиналыс жасайды, фотоға түседі болды. Біз жұмыс немесе қара басымызға жеке бірдеңе сұрап тұрған жоқпыз. Бізге мына жолды жөндеп берсін, - дейді Талдыкөл ауылының тұрғыны Жанболат Ысқақов.
Жылдар бойы бір жөндеу көрмеген ауылда апат та көбейген. Жақында ғана бір жеңіл автомобиль жол шетіне шығып кетіп, аударылыпты. Жолды жасап берсе, шенділерге еш талап қоймаймыз дейді қараша.
Суға кетті ғой біздің жолымыз. Содан енді мына жолды өтірік реттеп қойған. Жақында бір отбасы түгел қырылып қала жаздады көлікпен. Шетіне түсіп кетті, бірақ аман қалды әйтеуір. Ауру адамдар бар, шаруашылығымыз бар. Күні-түні сабыламыз жалғыз жолмен. Жүру мүмкін емес бірақ. Қауіпті бұл жер. Адам жүретіндей қылып жасап берсе дейміз. Көктемде су соққанда астын бәрін жеп тастаған ғой. Бетінде асфалті ғана тұр. Үстінен бассаң опырылып түседі. Аман жоқтан осылай жүрміз. Басшылар жағына айтып-айтып шаршадық, - дейді ауыл тұрғыны Аққенже Саташева.
Негізі бұл жолдың құрылысы көктемгі тасқыннан бұрын қолға алынған. 2023 жылы басталып, 2024 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Оған қазынадан 1 млрд 950 млн теңге ақша бөлінген. Жұмыс басталар уақытта мердігер компания кемшілік анықтап, ұлттық сапа орталығы мамандарының көмегіне жүгінеді. Ондағылар жолдың астынғы қабаты құрылыс нормасына сай емес деген шешім шығарған. Сөйтіп жобалық сметалық құжатты қайта жасақтау керектігін айтыпты.
Бұл жолдың үстіне дәл қазір бұрынғы жасақталған жобамен жұмыс жүргізілетін болса, яғни беті ғана алынып, асфальт төселіп, асты қалып қоятын болса, көп ұзамай шыдас бермей қайта бұзылады ол. Сол себепті сметалық құжатқа қазір өзеріс енгізіліп жатыр. Астын түгел қырып, қайта салу керек жолды. Түзетулер басталып кетті. Ол желтоқсан айында бітеді. Жоба дайын болмағанша жұмыс тоқтап тұрады, - дейді Махамбет аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов.
Құрылысқа "АВС-Лимитед" серіктестігі жауапты. Олар бұған дейін тиісті компанияға жүгінбей жұмысты бастасақ, жол сапасыз болар еді дейді. Жергілікті компания стемалық құжат дайын болса, бір минут кідірмей жұмысқа кіріскен өздеріне де тиімді екенін айтады.
2023 жылы осы жобаның тендерін ұтып алып, жұмысқа кірістік. Көктемде келіп бастадық. Қаржы төленді. Тым жақсы жұмыс жасап жатқанда, міне аяқ-астын көріп тұрсыздар ғой, осындай жерлер тап болды. Сол себепті біз лаборотория шақырдық. Біздің жұмысымызда беткі слойды алып тастап ғана қайта салуымыз керек еді. Дегенмен олай болмайтын болды. Комиссия құрылып, шешім қабылданды. Қайтадан стабилизация жасаймыз деген ойға келдік. Шартты жасаймыз деп жүргенде қыс болды. Кейін тасқын болды. Жұмыс тұрып қалды. Су тасқыны мезгілінде де бүкіл техниканы сол бағытқа салдық. Дәл қазір құжаттың дайын болғанын біз де күтіп отырмыз. Біз де жұмыссыз отырмыз. Бізге жұмыс керек. Осы жұмысты баста десе, бастап кетуге дайын отырмыз. Менің қызметкерлерім де жұмыссыз отыр. Сол себепті сметалық құжат қолымызға тиген бойда, құрылысқа кірісеміз, - дейді "АВС-Лимитед" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Берік Даярдиев.
Шенділер уәде еткен жобалық сметалық құжаттың өзгертулері осы жылдың аяғында нақты біте ме, жоқ па белгісіз. Өзгеріс енгізілгеннен кейін құрылыстың құны 1 млрд 950 млн теңге болып қалмайтыны анық. Қазынадан қосымша қаржы қаралуы мүмкін. Бірақ қанша екені беймәлім. Оған дейін Махамбет ауданы Талдыкөл ауылының тұрғындары қауіпті 7 шақырым жолмен қатынауға мәжбүр.