Талдыкөл елдімекенінің тұрғындары толықтай эвакуацияланды
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевтің айтуынша, Бейбарыс ауылдық округіне қарасты 1200-дей халқы бар Талдыкөл елдімекеніндегі тұрғындар Атырау қаласына эвакуацияланды.
Ауылда бес кәсіпкерлік нысаны бар. Өздеріңіз көріп отырғандай, су кірме жолды шәйіп кетті. Біз осыған дейін де ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа жүкті аналарды, бала-шағалар, үлкен кісілерді көшіргенбіз. Енді кірме жолды шайып кетуіне байланысты, тұрғындардың қалғанын қауіпсіз аймақтарға көшіруге мәжбүр болып отырмыз. Сол себепті эвакуациялық жұмыстарды бастадық. Кеше түннен бері жергілікті азаматтар қаладағы тұрғын үйлеріне кетіп жатыр. Жүздің үстінде азаматтар жолға шығып кетті. Эвакуацияланған тұрғындарды Атырау қаласындағы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жатақханасына жатқызатын боламыз. Ол жерде жағдай жасалған, үш мезгіл тамақ та ұйымдастырылады. Негізінен бізге халықтың амандығы маңызды,- деді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиев.
Айта кетейік, Махамбет ауданы бойынша 30900 тұрғын тұрады. Тоғыз ауылдық округ, 21 елдімекен бар. Қазіргі таңда Жайық жағасында 17 елдімекен орналасқан.