Талдықорғанда 200-ден астам отбасыға пәтер кілті табысталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда күніне орай «Болашақ» шағын ауданында орналасқан 16 қабатты тұрғын үйлердің кілті 200-ден астам отбасыға салтанатты түрде табысталды. Бұл туралы талдықорған қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
«Баршаңызды Елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Талдықорған қаласының тұрғындары үшін бүгін үлкен мереке, қуанышты күн. Қоныс тойларыңыз құтты болсын. Отбасыларыңыз аман, ұрпақтарыңыз бақытты болып, әр шаңыраққа құт-береке кірсін», - деді пәтер иелерін құттықтай келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Құрылыс жұмыстары 2017 жылы қыркүйек айында басталған қаланың Оңтүстік-Батыс аймағында бой көтерген үйдің бірінші қабатында тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы орналасқан.
Қазіргі таңда халықты меншікті баспанамен қамтамасыз етуде облысымызда бірқатар игі жұмыстар атқарылуда. Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы мыңдаған жетісулық баспаналы болды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Бақытты отбасы» әлеуметтік-тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аймағымызда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету назардан тыс қалмақ емес. Облыс бойынша көпбалалы аналарға кәсіпкерлер тарапынан 116 пәтер және жеке тұрғын үй берілді. Сондай-ақ, 100 жеке үй, 125 пәтерлі қос көп қабатты үйлердің құрылысы аяқталып, жуырда қолданысқа берілмек. Жалпы, 2025 жылға дейін бес мыңға жуық көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.