Талды көктетпеген адам, отбасын қалай көгертпек? – Ниязов

Ақын Мұхтар Ниязов «Таза Қазақстан» республикалық акциясы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кез келген дүниенің бастауында тазалық тұрады. Ол ішкі тазалық, сыртқы тазалық. Адамның ішкі жан дүниесіндегі тазалық. Адамның ар-намысындағы, өзінің болмысындағы тазалығы күнделікті айналасының жинақылығынан көрінеді деп ойлаймын. Мысалы, қоғамның тазалығы туралы айтып жүрген адамның үй жағы шашылып жатса немесе мемлекеттің тазалығын айтып жүрген адамның облыс, ауданы, ауылы шашылып жатса, ол дұрыс болмайды, - деді ақын өз сөзінде.

Ол тазалық мінберден айтатын мәселе емес, дамыған өркениеттегі әрбір азаматтың принциптерінің бірі болуы керек деп санайды.

Қоғамда бір шамды немесе талды сындырып жатса, соны арнайы полиция немесе ЖКХ айналысу керек сияқты көреміз ғой. Бірақ ол бәріміздің тұрған көшеміз, ауламыз, ауамыз болғаннан кейін оның ластануына өзіміз жауаптымыз. Сондықтан осы жауаптылықты қорғаудан бір бөлек, оны дамытудың жолында әрқайсымыздың қолымызға келетін іспен айналысу керек деп ойлаймын, - деді ол.

Ақын балаларды да тазалыққа баулудың маңызын айтты.

Қазақта бұрын «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін бар еді ғой. Қазір ол нәрсе де қалып бара жатыр. Әсіресе біздің Қызылорда сияқты аймақтарда талды шығарудың үлкен қиындығы бар. Көкшетауда немесе басқа жақта егілетін талдарды біздің Қызылордаға әкеліп, саны мен сапасын суретке түсіріп, оның көктеуін ешкім мойнына ала бермейді. Мысалы, он жеті миллион адам бар ма? Олардың әрқайсысы екі түп талдан көктетіп, көгертіп отырса, қаншама ормандар пайда болады, - деді Ниязов.

Ақын сөзін «Талды көгертіп, көктете алмаған адам бір отбасын, бір мемлекетті, бір мекемені қалай көгертіп, көктетуі мүмкін?» деген риторикалық сұрақпен аяқтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Әлеуметтік желіден
Өзгелердің жаңалығы