Талай жастың бағы ашылды. Тоқаев жастарға үміт артатынын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан бауырлас қалалар әкімдерінің форумында Астанада талай жастың бағы ашылып, өмірден өз орындарын тапқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны баршаңызға мәлім. Маңызды саяси реформалар жүргізілді. Азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді, - деді ол.

Сонымен қатар еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді.

Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын. Астана – жас әрі мақсаты асқақ қала. Ұлан-байтақ еліміздің әр аймағынан келген азаматтарымыз қалада тұрақтап қалуға тырысады. Талай жастың елордада бағы ашылды, олар өмірден өз орнын тапты, - дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Астана – мол мүмкіндіктер қаласы. Мұнда әрбір азамат өз әлеуетін пайдаланып, мансап жолында жетістікке жетіп, өзінің арман-мақсатын жүзеге асыра алады.

Президент Тоқаев сөз соңында форумға қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Қуатты қалалар – ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші. Сондықтан біз бұл мәселеге баса мән береміз. Осындай жиындар тәжірибе алмасып, өзара тиімді байланыстар орнатуға жол ашады. Астанаға арнайы келіп, форумның жұмысына атсалысқан қонақтарға тағы да ризашылығымды білдіремін. Сіздердің ой-пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Бұл басқосу достық қарым-қатынасты нығайтуға тың серпін берері сөзсіз. Қалаларымыз көркейе берсін! Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін! Астана күні құтты болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы