Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы Америкада жарық көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспасында жазушы Таласбек Әсемқұловтың "A Life At Noon" романының таныстырылымы өтті. Осыған сәйкес елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды.
Бұл отандық әдебиет аясындағы елеулі оқиға. Өйткені 30-40 жылда батыс баспасының қаражатына шыққан алғашқы қазақ романы болып отыр.
59 жасында өмірден озған Таласбек Әсемқұлов дәстүрлі музкант-күйші, жазушы, кинодраматург, музыка, тарих, этнография, мифология зерттеушісі, әдеби және музыкалық сыншы, қазақ тілден орыс тіліне аудармашы мен домбыра шебері болды.
Жалпы жазушының кітабы Біріккен ұлттар ұйымының алты тіліне аударылып, былтырғы желтоқсан айында баспаға берілген. Кітап орыс, ағылшын, француз, испан, қытай және араб тілдеріне аударылды. Жазушының жұбайы Зира Наурызбаеваның айтуынша кітап бар жоғы үш жарым айдың ішінде аударылып бітті.
"Талтүс" романы жазушы көзі тірісінде шыққан жалғыз роман. Автобиографиялық роман Таласбектің бала кезі мен бозбала шағын, кеңес кезінде тиым салынған музыкалық дәстүрлерді суреттейді. Өзінің ұзтаздары мен әкесінен роман кейіпкері кеңес мектептерінде айтылмаған қазақ тарихындағы жаңа мәліметтермен таныс болады.
"Иә бұл өте қиын жоба болды. Роман тілі қарапайым болғанымен, мағынасы өте терең. Кезінде Талсбекке романды орысшаға екеміз бірдей аударайық дегенде, ол "Жоқ бұл роман тым қазақы. Оны өзім қолым тигенде орысшаға лайықтап жаңадан жазып шығармын, деді". Десекте мен кейбір үзінділерін аударып жүрдім. Мысалы қылыш соққан ұста туралы үзіндісін аудардым, сосын "Талтүстің" жалғасы болған "Кәрі күйші" әңгімесін Ұлттық аударма бюросының тапсырмасымен жақында шыққан антологияға арнап аударып шықтым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Жазушының қасында 18 жыл өмір сүрсем де, талай нәрсені естіп, білсем де, аудармасы ерекше сөздерді шәкірттерімен ақылдаса отырып жасадым", - дейді жазушының жұбайы Зира Наурызбаева.
Ол аударма барысында жазушының домбырашы шәкірттері де көп көмек көрсеткенін айтты.
"Оның домбырашы шәкірттері бар. Олар Рүстем Нұркен мен Ардаби Мәулет. Сол екеуіне хабарласып кейбір ерекше домбыра тәсілдері мен амалдарын сұрап жүрдім. Ол балалар да білмейтін, кезінде меңгере алмаған тәсілдер де бар екен. Бұл ақпарттың бәрі мен үшін маңызды болды. Романда ауылдың аталары қазақтың көне тарихы жайында әңгімелер айтады. Сосын 20 ғасырдағы соғыс, ашаршылық пен репрессия тақырыптары қозғалады. Яғни, мұның бәрі өте көп білімді керек етеді. Өйткені аудармашы контексті түсіне отырып, аудару керек. Аударманың жолы қиын. Мұндай кітапты әдетте 1-2 жыл аударады. Ал бізде бұл айда 3 жарым айда шығарылды", - дейді аудармашы.
Автор кітап басып шығару ұжымдық жұмыс екеніне тоқталып, білікті мамандарға алғысын білдірді.
"Аударманы жасауға өте көп адам көмектесті. Кітапты редакциялап, верстка жасап, басып шығару өте үлкен еңбек. Жазушы Лилия Клаусты редакторлық жұмысқа тарттым. Ол маған орыс нұсқасын жасауға көмектесті. Лилиямен бірге кітаптың орыс аудармасын қалыптастырдық. Уақыт тар болғандықтан Европа тілдеріне менің орысша аудармамнан жасалды. Ал араб және қытай тіліне Дина Есенжан мен Гүлжан Ахметбек тікелей аударды. Аудармашылардың мықтылығының арқасында бәрін уақытында үлгердік. Франция, Испания мен Англия оқырмандарынан алғыс естіп жатырмыз. Аударма Америка мен Англия баспаларына да жіберілді. Индиана университеті қыркүйек айында осы кітапты басып шықты. Қазір Амазонда сатылымға шықты. Баспа өзінің жоспарына алып, авторға мұрагерлік қаламақы төлем, кітап сатылған сайын пайызын төлейді. Бұл осылай шыққан алғашқы кітап", - дейді Зира Наурызбаева.
Автор кітапқа деген сұраныстың бары, аударма ісінің сапалығында екенін атады.
"Бастапқыда алты тілде аз тираж шығардық. Ал бұл кітап Американың қаражатына шығып тұр. Бұл аударманың сапалы болғанының дәлелі. Америкалық оқырманға да қызық дүние жасалды. Яғни сұраныс бар", - дейді автор.
Романның аудармасы Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхананың тапсырысымен, "Рухани Жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан.