«Талаптары шашыраңқы». Министр жаңаөзендік мұнайшылар туралы
Бұл туралы Үкімет отырысынан соң Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдеріне жауабында ол мұнайшылардың Энергетика министрлігінің аумағына топтасқан кезде талаптары шашыраңқы болғанын атап өтті. Айтуынша, көтерілген бірнеше талаптың ішінде «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнына жұмысқа тұрғызып беру және бұған дейін өткен тендердің күшін жою талаптары қойылған.
Жалпы, диалог ұйымдастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері болды. Энергетика министрлігінің департамент директорлары болды. Олар диалогке кіріскен жоқ, бірақ сол маңда ахуалды бақылап, адамдармен сөйлесті, талаптарын нақтылады. Қазір біз ресми ұстаным әзірлеп жатырмыз, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Еске сала кетейік, осыған дейін министрлік алдына жиналған жаңаөзендіктер бейнеүндеу жолдаған еді. Елордаға келген мұнайшылар талабын да жеткізді.