Талапқа сәйкес келмейтін өнімдер бар өңірлер анықталды
Еліміз бойынша сауда орталықтарында өткен «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі» және «Нитраттарсыз көкөністер мен жемістерді таңдаймыз» акцияларының қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылғы 1-10 маусымда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері Ұлттық сараптама орталығының филиалдарымен бірлесіп, халықты ақпараттандыру және тұтыну сауаттылығын арттыру мақсатында сауда объектілерінің аумақтарында «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі», «Нитраттарсыз көкөністер мен жемістерді таңдаймыз» акцияларын өткізді.
Ақциялардың қорытындысы жайлы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрқан Сәдуақасов айтып берді.
Осы кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерінің 6 436 сынамасы (көкөністер – 4477/98; жемістер – 1801/51; бақша өнімдері – 158/20) қамтылды, олардың ішінде 169 (2,6%) сынама нитрат мөлшері бойынша техникалық регламенттердің талаптарына сай келмеді. Сәйкес келмейтін өнімдер Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында және Астана, Шымкент қалаларында анықталды, - деді комитет басшысы.
Оның сөзінше, сәйкес келмейтін 20 бақша дақылының ішінен отандық өндіріске – 6 сынама, ЕАЭО-ға – 1 сынама, басқа елдерге – 13 сынама тиесілі. Қауындардағы нитраттардың мөлшері 1,3-тен 4,0 есеге дейін, қарбызда 1,1-ден 4,6 есеге дейін. Көкөністерде нитраттар нормадан 1,1-ден 2,6 есеге дейін асады, негізінен пияз, картоп, қызанақ қияр. Жемістерде нитраттар нормадан 1,1-ден 2,7 есеге дейін асады (шие, қара өрік, өрік, шабдалы, алма және т.б.).
Ақмола облысында пиязда (15 сынама), картопта (8 сынама), қызанақ пен қырыққабатта (5 сынамадан), сәбіз мен сарымсақта (3 сынамадан), өрікте (4 сынамадан), шабдалыда, алма мен жүзімде (3 сынамадан) нитраттардың артық болуы анықталды. Сондай-ақ нитраттардың артық мөлшері қарбыз, ақжелкен, шалғам, мандарин, апельсиндерде кездеседі.
Алматы облысында нитраттардың асып кетуі өрік (4 сынама), қара өрік (2 сынама), сондай-ақ жүзім, шие, қарбыз, қауыннан анықталды. Атырау облысында қарбыз мен қауын нитрат құрамына сәйкес келмеді. Жамбыл облысында нитраттардың асып кетуі негізінен қарбыз мен қауыннан (49 сынама), сондай-ақ пияз, өріктен табылды, - деді Нұрқан Сәдуақасов.
Қарағанды облысында өрік (2 сынама), баклажан (2 сынама) және банандарда нитраттардың артық болуы байқалды.
Қостанай облысында қарбыздың 5 сынамасында нитраттардың, қара өріктің, өріктің, нектариннің (3 сынамадан), шиенің (2 сынамадан), сондай-ақ шабдалы, банан, алма, қияр, пияздың артық мөлшері анықталды.
Қызылорда облысында нитраттар пиязда (7 сынама), қарбызда (6 сынама), сондай-ақ қауын, қара өрік, өрікте кездеседі.
Түркістан облысында картоп, пияз, қарбыз, қауын, өрікте нитраттардың артық мөлшері анықталды.
Жетісу облысында картопта (4 сынама), қара өрікте (3 сынама), қиярда, өрікте, апельсинде, алмада (2 сынамадан), сондай-ақ шиеде, шабдалыда, қарбызда нитраттардың асып кетуі анықталды.
Астана қаласында қауын (2 сынама) мен қарбызда нитрат құрамы бойынша сәйкессіздік анықталды.
Шымкент қаласында пияз, картоп (3 сынама), қарбыз (3 сынама), қауын (2 сынама), қызанақтың 19 сынамасында нитраттардың асып кетуі байқалды.
Жалпы саннан сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің пайызы: отандық өндіріс 43,7%, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өндірісі 1,2% және үшінші елдер өндірісі 55,1% құрады.
Сәйкес келмейтін өнім туралы ақпарат шаралар қабылдау үшін барлық сатушылардың назарына жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасвп жатыр.