Тал отырғызу – бабамыздан қалған дәстүр

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда орман қоры небәрі 4-ақ пайызды құрайды. Еліміздегі орман алқабы 6 миллион гектардан аспайды. Ал оның дені Жамбыл облысында орналасқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», - деп ерекше атап көрсетті. Президент сондай-ақ «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылады», деді.

«Істің басы – ниет». Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады. Бұған Нұр-Сұлтан қаласының айналасында Елбасының бастамасымен егілген жасыл белдеу айқын айғақ. Н.Назарбаев осы істі қолға алған кезде «Бұл жерде ағаш өспейді» деп сәуегейлік жасағандар да болды.

Ағаш өсіру адамдарға айтарлықтай табыс та әкеледі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жамбыл облысының Жуалы ауданында бірқатар тұрғындар шағын орман өсіруді қолға алған. Әбділ Жұманов, Жолдыхан Беков сияқты азаматтар атшаптырым аумақта терек өсірді. Оларға да бірқатар ауылдастары: «Бұл әрекетіңнен түк шықпайды. Босқа арамтер боласың» деп «жанашырлық» танытқан екен.

Арада бірнеше жыл өткен кезде теректердің діңі жуандап, құрылыс материалдарына жарап қалды. Шағын орман өсірушілерге құрылыс салушылар Тараз бен Шымкент шаһарларынан лек-легімен ағылды. Теректерді жүк көліктеріне тиеп, оны өсірушілерге десте-десте ақша ұсынған алушыларды көрген бұрынғы «жанашырлық» танытқандар: «Япыр-ай, ағаш өсіру де бизнес екен ғой» деп бастарын шайқаған.

Жуалыда қазір де ну орман өсіріп, еңбегінің жемісін көріп жүргендер бар. Бағбандар облыс аумағында құрғақшылыққа төзімді терек және қарағаш егудің тиімді екенін айтады.

Жасыл желек көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де аса қажет. Жазда күн шыжыған кезде адам көп шоғырланған жерде ауа жетпей кетеді. Әлбетте, үйдің айналасында тал-дарақ қаулап, жайқалып тұрса әрі оттегі, әрі сая. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Таразда көпқабатты үйлерге қоныстанған тұрғындар бір кісідей ұйымдасып, аулаларына алуан түрлі сәндік ағаштар өсірді. Оның игілігін қазір ұрпақтары көріп отыр. Өкінішке қарай еліміз Тәуелсіздік алған кезде пайдалануға берілген «Астана», «Бәйтерек» және «Арай-2» шағын аудандарында көгеріштендіру қолға алынбай келеді.

Рас, «Бәйтерек» және «Арай-2» шағын аудандарында көріктендіру мәселесімен шұғылданған мердігерлер ондаған миллион теңгеге сәндік ағаш – қарағай көшеттерін отырғызды. Алайда, көшелерге де, көпқабатты үйлерге де көрік беріп тұрған қарағайлар жаз ортасында жаппай қурап қалды. Қыруар ақша, есіл еңбек далаға кетті. Арамызда жүрегі ізгілікке толы жандар да жоқ емес. «Арай-2» шағын ауданындағы №7 көпқабатты үйдің көше жағындағы тротуармен жүрген адам өзін саябақты аралап жүргендей сезінеді. Алуан сәндік ағаштар мен гүлдер көздің жауын алады. Осы үйдің тұрғындары бұл игі істі үш жыл бұрын қолға алған болатын. Уақтылы суарылып, тиісті күтім көрген өсімдіктер қысқа мерзімде жайқалып шыға келді.

Еліміздегі орман-тоғайлардың дені Жамбыл өңірінде шоғырланған. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің сөзінше, қазір аймақтағы мемлекеттік орман қоры 4 миллион 427 мың гектар аумақты алып жатыр. Оның орман ағаштарымен көмкерілген жері 2 миллион 357 мың гектарды құрайды. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы 49 гектар тұқымбақтарда ағаш көшеттері тұқымынан өсіріледі. Өткен жылы 1730 гектар алқапқа орман екпелері көшеттерімен отырғызылған. Биыл ағаш көшеттерін 3050 гектар орман қорына отырғызу, сексеуіл тұқымын 2250 гектар алқапқа себу жоспарланған.

Бұл жұмыс еңсеріліп келеді. Ол үшін 5 300 гектар алқап таңдалып алынды. Басқармаға қарасты 15 орман шаруашылығы мекемесі былтыр 59,6 гектар алқапқа қарағаш, жүзген және сексеуіл орналастырған. Екі жыл бұрын облыс әкімдігінің ормандарды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2019-2030 жылдарға арналған қадамдық жоспары Ауыл шаруашылығы министрлігінде бекітілді. Мұның өзі орман екпелері көшеттерін отырғызу көлемін 2030 жылы 5 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік бермек, - деген ол мекемеде жасыл желекті өрттен, түрлі зияянкестерден қорғау жолында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын да жеткізді.

Әйтсе де, сала мамандарының пайымынша, Жамбыл өңірін түлетуге, көгеріштендіруге бұл жұмыстар аздық етеді. Тал-дарақ егу, жерімізді көркейту – барша халықтық сипат алуы тиіс. Ал экологтар мен бағбандар көшеттерді күзде отырғызудың артықшылығы көп екенін айтады. Көктемде егілгендерге қарағанда олардың көпшілігі көктеп, өсіп кетеді екен. Бұл маңызды шаруа әуелі жер-анамызды сауықтыру үшін қажет.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы