Такси жүргізушілерді платформалық жұмыспен қамту пилоттық жобасы іске қосылды
Мемлекеттік кірістер комитеті Яндекс таксимен бірлесіп, Астана және Алматы қалаларында Яндекс такси қосымшасы арқылы қызмет көрсететін такси жүргізушілері үшін платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қатысушылар саны 500-ден астам жүргізушіні құрады.
Такси жүргізушілері үшін жобаның мынандай артықшылықтары бар:
таксопарктердің делдалдық қызметтерін алып тастау, бұл ақшаны үнемдеуге және оларды салықтар мен әлеуметтік төлемдерге бағыттауға мүмкіндік береді. Тиісінше, жүргізуші әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысады;
жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді оңайлату. Яғни Яндекс платформасы арқылы салық органдарына бармай-ақ, кәсіпкерлікті тіркеу;
нақты алынған табыстың 1% мөлшерінде салық төлеу. Ал қызметкердің табысынан салық 10% мөлшерінде ұсталады;
есептілікті ұсыну және салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеу бойынша міндеттемелердің болмауы. Жүргізушілердің келісімімен салықты және әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударуды Яндекс жүргізетін болады. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер такси жүргізушісінің алған табысының сомасына қарай айқындалатын болады.
Сондай-ақ, Glovo, Wolt, InDrive және т.б. сияқты компанияларды пилоттық жобаға қосу жоспарлануда.