Таиландтан есірткі тасымалдаған екі қазақстандық сотталды
Астанада есірткі контрабандасы мен оның заңсыз айналымына қатысы бар Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші іс бойынша 20 жастағы бойжеткен ақшалай сыйақы үшін Таиландтан жалпы салмағы 4,7 кг каннабис экстракты салынған екі шабаданды жеткізген. Ол есірткіні тәттілер ретінде алып өтуге тырысқан. Заңсыз жүк оның елордалық әуежайға ұшып келген бойда анықталып, тәркіленді. Сот оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Екінші іс бойынша 39 жастағы ер адам 2024 жылдың көктемінде есірткіні халық тұтынатын тауарлар ретінде жасырып, Таиландтан Қазақстанға пошта қызметі арқылы жіберуді ұйымдастырған. Бұл партияны алушы үш адам бұған дейін белгіленген мерзімдерге сотталған болатын. Есірткіні жіберушіге іздеу жарияланып, ұсталғаннан кейін сот алдына келді. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Істер бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады.
Үкімдер заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 13 қазанда «Қордай» шекарасы маңындағы бақылау-өткізу пунктінде Қазақстанға кіру кезінде полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, сахналық лақап аты NAVAI ретінде белгілі ресейлік әнші Наваи Бакировты есірткі контрабандасы ісі бойынша қамауға алды.