31 Шілде 2026, 16:34 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Таиландта жоғалған ресейлік бауырларды мотоцикл үшін өлтіріп кеткен: Күдіктілер ұсталды

Таиландта ресейлік бауырларды өлтірді деген күдіктілер қылмыстарын мойындады

Таиландта із-түзсіз жоғалған ресейлік інілі-әпкелілердің өліміне күдікті екі адам қылмыстарын мойындады. Олар полицияға жәбірленушілердің мәйітін жасырған орынды да көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Thairath басылымы хабарлады.

Полиция 43 жастағы Тхана Кыттхонг пен 39 жастағы Тхонгчай Сининді (Понг және Тхонг лақап аттарымен белгілі) қамауға алған. Күдіктілер Ресейдің Түмен қаласынан келген 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Романды өлтіргендерін айтқан.

Понгтың айтуынша, ол жасөспірімді атып өлтірген, ал оның әпкесін соққыға жығып, мерт қылған. Күдіктілердің сөзінше, қылмысқа мотоцикл ұрлығы себеп болған. Сонымен қатар күдікті полицияға жәбірленушілерге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасамағанын мәлімдеген.

Сондай-ақ ұсталғандар тергеушілерге мәйіттер көмілген орынды көрсеткен. Қазір оқиға орнында тергеу және криминалистикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, 22 жастағы Диана мен 17 жастағы Роман 26 шілде күні Таиландта із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Кейін олардың мопеді бөлшектелген күйде жерге көмілгені анықталған.