Таиландта ұсталған Қазақстан азаматына қандай айып тағылды?
Таиландта қолға түскен Қазақстан азаматына қандай айып тағылғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Айтуынша, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты қайталап тексермей, дереккөзге сілтеме жасап таратқан.
Осыған қатысты біз мәлімет сұраттық, тай билігі растады. Қазір оның кім екені анықталды. Шын мәнінде ол Қазақстан Республикасының азаматы. Таиланд полициясы оны 45 тәулікке қамауға алды. Оған аталмыш елде болудың визалық режимін 4 күнге асырып, бұзғаны туралы айып тағылып отыр. Одан басқа ресми ақпарат түскен жоқ. Қазақстанның Таиланд елшілігі бұл мәселені бақылауда және Таиландтың құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста отыр. Яғни, оның оқ атқаны, атпағаны белгісіз. Тек көші-қон режимін бұзғаны белгілі, - деді ресми өкіл.
Еске сала кетейік, бұған дейін Пхукет әуежайында Қазақстан азаматының ұсталғаны туралы хабар тараған болатын.
Бұдан бөлек Таиландта теңізге түсем деп зардап шеккен Артур Ысқақов қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.