Қазақстандықтар Таиландқа барғаннан кейін электрондық виза рәсімдей алатын болды
Астана, BAQ.KZ. Таиланд 2019 жылғы 14 ақпаннан бастап бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстанның да азаматтары үшін келгеннен кейін берілетін E-VOA (e-Visa On Arrival) визасын алу бойынша қызмет түрін іске қосады.
Аталған қызмет құжаттарды толтыру, иммиграциялық қызмет жұмыскерлерінің оларды тексеруі және визаның рәсімделуін күтуге жұмсалатын әуежайдағы уақытты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Елге келгенге дейін кемінде 30 күн бұрын және 24 сағаттан кешіктірмей E-VOA қызметін https://thailandevoa.vfsevisa.com арнайы сайтына кіріп, пайдалануға болады.
Азаматтар электронды форманы толтырып, виза ақысын MasterCard, Visa, Union Pay немесе WeChat Pay және Alipay-дің несиелік немесе дебеттік карталары арқылы онлайн режимде төлей алады.
E-VOA қызметін пайдаланған туристер Таиландтағы төрт негізгі халықаралық әуежайдың кез келгеніне келе алады: Суварнабхуми, Донмыанг, Пхукет халықаралық әуежайы және Чиангмай халықаралық әуежайы. 2019 жылдың соңына дейін бұл қызмет түрі Таиландтағы басқа әуежайларда қол жетімді болады.